Алматыда Медеу ауданына су берілді

Алматыда Медеу ауданын сумен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сағат 11.00-дегі жағдай бойынша Медеу ауданының оңтүстік бөлігін сумен жабдықтау толық қалпына келтірілді. Бұған таулы өзендердегі су деңгейінің тұрақтануы және судың ластану деңгейінің төмендеуі ықпал етті.

«Алматы Су» МКК сағат сайын судың сапасына бақылау жүргізеді. Зертханалық талдаулар Кіші Алматы өзеніндегі судың лайлану көрсеткіштерінің төмендегенін көрсетеді, бұл суды үздіксіз алуды жүзеге асыруға және оны үйлерге жеткізер алдында одан әрі тазартуға мүмкіндік берді. Бастапқы өзен суының сапасына әсер ететін қолайлы ауа райы сақталған жағдайда сумен жабдықтау үзіліссіз жүзеге асырылады, — делінген хабарламада.

Еске салайық, Алматыда жауын-шашынның салдарынан Медеу ауданы тұрғындары сусыз қалған еді.