FlyArystan халықаралық рейстеріне әуежайда тіркелу ақылы болды

2023 жылғы 3 тамыздан бастап халықаралық рейстерге тегін онлайн тіркелуге болады, ал әуежайда тіркелу қызметі ақылы.

Бұл туралы FlyArystan әуекомпаниясы хабарлады.

2023 жылғы 3 тамыздан бастап ұшып шығатын халықаралық рейстерге әуежайда тіркелу қызметі ақылы болады:

  • «әуежайда тіркелу» қызметін қолданбадан немесе сайттан алдын ала сатып алу — 5 000 теңге (10 евро)*
  • әуежайда рейс алдында тіркеу бағанасынан тіркеуден өту — 10 000 теңге (20 евро).

Бұл қызмет брондау кезінде автоматты түрде қосылады. Сондықтан бұл қызметті сатып алғыңыз келмесе, «қызметтен бас тарту» батырмасын таңдай аласыз, — делінген хабарламада.

Халықаралық рейстерге онлайн тіркелу рейске 30 күн бұрын ашылып, 60 минут қалғанда жабылады.

Халықаралық рейстерге онлайн тіркелу кезінде отырғызу талоны берілмейді. Қауіпсіздік мақсатында, қажет құжаттарды тексеріп, отырғызу талонын басып шығару үшін тіркеу бағанасына міндетті түрде келу қажет, — делінген хабарламада.