Алматыда әл-Фараби даңғылында көлік қозғалысы тағы да ішінара шектеледі

Алматы қалалық мобильділік басқармасы әл-Фараби даңғылында жол жөндеу жұмыстары жүретін келесі учаскені мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағына полимерлі асфальтты бетонды төсеу жұмыстары аяқталды. Солтүстік жағында Достық даңғылынан Есентай өзені арқылы өтетін көпірге дейінгі учаскеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазір көлік қозғалысы ашылған.

Енді Есентай өзені арқылы өтетін көпірден Қожанов көшесіне дейінгі аралықта орташа жол жөндеу жұмыстары өтеді.

1 тамыз күнгі сағат 23.00-ден 3 тамыз күнгі таңғы 07.00-ге дейін даңғылдың солтүстік жағындағы көлік қозғалысы толығымен жабылады.

2 тамыз күнгі сағат 07.00-ден 3 тамыз күнгі 00.00-ге дейін Есентай өзені арқылы өтетін көпірден Сырғабеков көшесіне дейінгі аралықтағы әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағынан реверсивті қозғалыс ашылады.

Батыс және шығыс бағыттағы жолақтардың санын патрульдік полиция қызметкерлері көлік қозғалысы жағдайына байланысты анықтайды.

3 тамызда түнгі сағат 00.00-ден таңғы 07.00-ге дейін әл-Фараби даңғылы бойымен батыс бағыттағы (Есентай өзені арқылы өтетін көпірден бастап) көлік қозғалысы толығымен жабылады.

1 тамыз күнгі сағат 23.00-ден 3 тамыз күнгі 07.00-ге дейін Ботаникалық бақ пен Қозыбаев көшесіне кіретін және шығатын жол, сонымен қатар әл-Фараби даңғылынан Қожанов көшесіне шығатын жол шектеледі.

Осыған байланысты Жароков, Қожанов және Қозыбаев көшелерінен айналма жол қарастырылады. Жол жабық кезде Қожанов көшесінен әл-Фараби даңғылына өтетін батыс бағыт ашық болады. Жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін патрульдік полицияның алты бригадасы жұмыс істейді. Сонымен қатар қозғалыс жылдамдығын сағатына 40 шақырымға шектеу белгілері орнатылып, конус пішіндегі жарықта шағылыстырушы фишкалар арқылы жол жолақтары бөлінеді, — делінген хабарламада.