Мемлекет басшысы Пәкістан президентіне көңіл айтты

Мемлекет басшысы Пәкістан президенті Ариф Алвиге көңіл айту жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан президенті Ариф Алвиге елдің солтүстік-батысында болған лаңкестік шабуыл салдарынан көптеген азаматтың қаза болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өз атынан жақындарынан айырылған отбасыларға қайғыра көңіл айтты, сонымен қатар зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Айта кетейік, Пәкістанда Джамиат Улема Ислам-Фазл (JUI-F) ислам партиясының сайлауалды митиң кезінде болған күшті жарылыстан 44 адам қаза болды.