Қасым-Жомарт Тоқаев Қанат Шарлапаевты қабылдады

Мемлекет басшысы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2023 жылдың І жартыжылдығындағы «Бәйтерек» холдингі қызметінің нәтижелері, соның ішінде кәсіпкерлерді, агроөнеркәсіп кешенін қолдау және халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бастамалардың іске асырылу барысы туралы баяндалды.

Президентке ұсынылған мәлімет бойынша ірі бизнесті қаржыландыру көлемі 114,4 миллиард теңге. Холдинг «Даму» қоры арқылы шағын және орта бизнесті дамытуды белсенді қолдайды. Қор 15 мыңнан астам кәсіпкерге қолдау көрсетті.

Биыл «Отбасы банкі» 29 мың отбасының баспаналы болуына көмектескен. Банк баспананы жалға беруді субсидиялау бағдарламасына да белсенді қатысып келеді. Бағдарлама аясында І және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларды, жетім балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және көпбалалы отбасыларға қайтарымсыз мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бірінші жартыжылдықта аталған бағыт бойынша 9 мыңнан астам өтінім мақұлданды.

Сонымен қатар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы биыл 271 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 9 мыңға жуық фермерге қолдау көрсетілгені туралы хабарланды. Биыл 3,5 миллион гектар жерге егін егілді. Бұл – еліміздегі барлық егіс алқабының 15%-і. Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және импортқа тәуелділікті төмендету үшін ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобаларды несиелендіруге 131 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Аграрлық секторды қаржыландыру көлемінің 70%-тен астамы «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға тиесілі.

Кездесу соңында президент бизнестің ахуалын жақсартуға және әлеуметтік тұрғын үй саясатын жетілдіруге бағытталған нақты тапсырмалар берді.