Актер Азамат Сатыбалды «Қазақфильмнің» президенті болды

Актер Азамат Сатыбалды Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының президенті болып тағайындалды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.

Киностудияның жаңа төрағасын мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов таныстырды.

Отандық киноөнерінің «қара шаңырағы» саналатын Қазақфильм — ауқымды және күрделі өндірістік ұйым. Былтыр киностудия жанынан «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі құрылды. Мемлекет басшысының киностудия жұмысын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында 87 техникалық жабдық сатып алынды. Алдағы уақытта модернизацияның 2 кезеңін бастау керек, — деді Асхат Оралов.

Азамат Сатыбалды 1977 жылғы 2 қарашада Жамбыл облысы, Мерке ауданы, Тұрар Рысқұлов ауылында туған. Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында «театр және кино актеры» мамандығы бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2000 жылғы маусымда Қостанай облыстық қазақ драма театрының әртісі болып бастады.

2001 жылғы қарашадан 2018 жылғы желтоқсанға дейін Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академия драма театрының актеры болды.

2013 жылғы желтоқсаннан 2018 жылғы тамызға дейін «Қазығұртфильм» ЖШС кадр және шығармашылық жұмыс жөніндегі атқарушы директоры болды.

2018 жылғы желтоқсаннан 2022 жылғы ақпанға дейін Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры қызметін атқарды.

2022 жылғы ақпаннан осы уақытқа дейін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарған.