Алматыда оқу жылы басталғанға дейін 100 жаңа автобус жолға шығады

Алматыда оқу жылы басталғанға дейін маршрутқа 100 жаңа автобус шығады. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі уақытта қалалық автопаркке 30 автобус қосылды, қалған 70 автобус жақын арада келеді.

Бұл автобустар есебінен жылжымалы құрам №37, 38, 38а және 201 маршруттары жаңартылады. №24, 125, 131 маршруттарына автобустар қосылады, яғни қолданыстағы маршруттар жаңа автобустармен толығады, — делінген әкімдік хабарламасында.

Бұған дейін мегаполис әкімі Ерболат Досаев халықпен кездесулерде 2023 жылы Алматыда қосымша 600 жаңа автобус сатып алынатынын хабарлаған еді.

Қоғамдық көлікті дамыту біз үшін басты басымдықтардың бірі. Халықтың шағымының дені қоғамдық көлік жұмысының сапасына, атап айтқанда кейбір қолданыстағы маршруттардың жайсыздығына және жоспарлы қозғалыс аралығын сақтамауға қатысты. Сондықтан біз бұл мәселелерді шешуді қолға алып жатырмыз, — деді әкім.

Қалған 500 автобусты сатып алуға шарт жасалды.

Алматыда барлығы 2000-нан астам автобус, 163 маршрут, 24 тасымалдаушы компания жұмыс істейді.