Мұражай — басқа әлемге еніп, тарихқа қайта оралуға мүмкіндік беретін жер. Мұражай қонақтары көне заманның атмосферасын, қала тарихын, геология, өнер және тағы басқа салаларды жақынырақ біле алады. Baribar.kz редакциясы Алматыдағы ғылыми мұражайлар топтамасын әзірледі.
Табиғат және палеонтология мұражайы
Мұражай 1961 жылы құрылған. Қазір Ғылым ордасы кешенінде орналасқан. Ғылым ордасы — Қазақстан ғылым академиясының ғимаратындағы ғылыми және мұражайлық орталық. Ғылым ордасында бірнеше мұражай бар: Археология мұражайы, Табиғат және палеонтология мұражайы, Қазақстан ғылымының тарихы мұражайы және тағы басқа.
Қазақстандағы алғашқы палеонтологиялық олжа 1912 жылы табылған алып мүйізтұмсық қаңқасы болды. Ал 1932-1957 жылдар аралығында ғалымдар қазба жұмыстарын жүргізіп, көп сүйек пен қаңқа тапқан. Оның бәрін ҚазКСР зоология институтының ғалымдары жинады. Ғалымдар жиналған ескерткіштің бәрін бір жерде сақталғанын жөн көріп, табиғат мұражайын ашамыз деп шешкен.
Жәдігерлердің ішінде Қазақстан аумағында кездескен жануарлар мен өсімдіктердің қалдығы, динозаврлардың қаңқасы және ежелгі фауна түрлері бар.
Мұражай екі залдан тұрады: палеонтологиялық және зоологиялық.
Мұражайдың зоологиялық бөлімінде елімізде мекендейтін құстар мен жәндіктердің, сүтқоректілер мен бауырымен жорғалаушылардың тұлыбы бар. Оның ішінде жылқы, балық, көбелек, бұлан, қой, қасқыр, аю және тағы басқа.
Ал палеонтология бөліміне Юра дәуірінде өмір сүрген динозаврлардың (тарбозавр, зіл) қаңқасы қойылған.
Мұражай мына мекенжайда орналасқан: Алматы қаласы, Шевченко көшесі, 28.
Археология мұражайы
Бұл — Қазақстан аумағындағы жалғыз Археология мұражайы. Өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастап Қазақстанның археологтары мен ғалымдары бірегей материалдарды іздеп, зерттеп, оларды сақтап қалды. Мұражай 1973 жылы ашылды.
Бұл мұражай да Ғылым ордасы кешенінде орналасқан. Мұнда Қазақстан аумағында мекендеген адамдардың өмірін ежелгі дәуірден бастап кейінгі орта ғасырға дейінгі даму жолында қолданған заттары арқылы сипаттайды. Мұражайда қазақ жерінде мекендеген тайпалар туралы мағлұмат беретін көптеген ескерткіш сақталған.
Мұражай төрт залдан тұрады. Олар адамның өмір сүрген кезеңдеріне байланысты бөлінген.
Көрменің бірінші залында ежелгі адамдардың қолданған заттарын көруге болады. Оның ішінде палеолит тұрақтары, Бөріқазған, Тәңірқазған қоныстарынан табылған кремниден жасалған тас құралдар бар. Оған қоса Қазақстанның түкпір-түкпірінен табылған тас шапқылар, қалақшалар, қырғыштар, нуклеустерді көруге болады.
Қаратауда жүргізілген қазба жұмыстарынан табылған тас құралдар мен қарулар да бар. Мысалы: найзаның ұшы, қырғыш, қалақша, қол шапқылар. Неолит пен энеолит дәуіріне жататын құралдар, тас білезіктер мен балталар, найзаның ұшы да мұражайға қойылған.
Мұражайдың екінші залы қола дәуірінің, Андрон, Беғазы-Дәндібай мәдениетіндегі ескерткіштерге арналған. Ол жерде қола дәуірінде өмір сүрген адамдардың қолданған заттары да бар. Оның ішінде найзаның, жебенің ұшы, қола мен алтыннан жасалған зергерлік бұйымдар кездеседі.
Таутары мен Қарақұдық зираттарынан табылған қыш ыдыстар, балталар, айбалталар, әшекей бұйымдары Андрон мәдениетінің ерекшеліктерін көрсетеді.
Үшінші зал ерте темір ғасырына (б.з.б. VII – б.з. V ғасырлар) арналған. Залда Тасмола мәдениетінің қарулары, қолданбалы өнер заттары, ат әбзелдері, сүйектен жасалған бұйымдарды көруге болады.
Сонымен қатар осы залдың басты жәдігері — Жетісудағы сақ мәдениетінің дамуын айқын көрсететін Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» көшірмесі.
Мұражайдың төртінші залына орта ғасырдағы ескерткіштер қойылған. Мұнда орта ғасырдағы Тараз, Алмалы, Талғар, Ақтөбе, Баба ата қалаларында жүргізілген зерттеулер кезінде жиналған қыш ыдыстар, шыныдан, мыстан жасалған бұйымдар, қолданбалы өнер заттары қойылған.
Ортағасырлық құрылыс өнері мен архитектурасы жетістіктерін бейнелейтін бірқатар сурет пен макет қойылған. Мысалы: Айша Бибі мен Қожа Ахмет Яссауи кесенелері.
Мұражайға кіру билетін ересектер 150 теңгеге, балалар, студенттер мен зейнеткерлер 100 теңгеге сатып алады. Ал Ғылым ордасы аумағына арналған бірыңғай билет алғысы келсе, ересектер 300 теңге, жоғарыда келтірілген топтағылар 200 теңге төлейді. Экскурсаводқа бөлек төленеді, оның ақысы — 500 теңге.
Геология мұражайы
Геология мұражайы 1997 жылы құрылды. Бірақ бұл мұражайдың тарихы сонау 1942 жылдан басталады. Сол жылы академик Қаныш Сәтбаевтың ұсынысы бойынша ғылым академиясының қазақ филиалы институтының жанынан Геология мұражайы құрылды. Мұражайда елімізде кездесетін кендер мен минералдардың үлгісін жинап, сақталды.
1969 жылы Қазақ минералды шикізат институты мен Қазақ геофизикалық трест геологиялық жиналыстары негізінде геология министрлігінің тұрақты жұмыс істейтін ғылыми-техникалық көрмесі ұйымдастырылды. 1997 жылы Қазақстан геология министрі Серікбек Даукеев көрмеге толыққанды мұражай мәртебесін беру туралы бастама көтерді. Нәтижесінде мұражай ресми түрде 1997 жылғы қыркүйек айында ашылды.
Үш залдан тұратын мұражайда 2500-ден астам минерал мен тау жынысы үлгілері бар.
Геологиялық мұражай қонақтары залға шахтерларды тасымалдауға арналған лифт арқылы түсетінімен ерекшеленеді. Мұражайдың бірінші залында тау-кен қазбалар мен тау жыныстарын көруге болады.
Екінші залы — минералогиялық галерея. Онда табиғи элементтер, минералдар, түрлі-түсті тастар бар. Оның ішінде Жезді мен Найзатас кендерінен алынған браунит те қойылған.
Ал үшінші залда дыбыстық эффектілері бар кинозал тұр. Мұнда жердегі тіршіліктің пайда болуы туралы фильм көрсетіледі.
Қазақстан ғылымының тарихы мұражайы
Қазақстан ғылымының тарихы мұражайы 2010 жылы ашылды. Мұнда елдегі ғылымның пайда болуы, орта ғасырлардан бастап қазіргі заманымызға дейінгі қалыптасуы және дамуымен танысуға болады.
Мұражайда Қазақстан ғалымдарының шығармашылығы мен өмірбаяны туралы ақпарат бар. Оған қоса 6000-нан астам кітап, фотоқұжат, ғалымдар мен ағартушылардың жеке заттары сақталған.
Мұражай үш залдан тұрады:
Біріншісі — Ежелгі Қазақстан ғылымының қайнар көзі, Қазақстан ғылымының пайда болуы. XIX ғасырдың ағартушы-ғалымдары. Ол жерде Әбу Насыр әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Қадырғали Жалайыри, Ахмет Яссауи, Мұхаммед Қайдар Дулати және тағы басқа орта ғасырда өмір сүрген ғалымдардың өмірбаяны мен шығармашылығы көрсетілген.
Екіншісі — Кеңес дәуірінде Қазақстан ғылымының дамуы мен қалыптасуы. Мұнда КСРО ғылым академиясының қазақстандық базасын, КСРО ғылым академиясының қазақ филиалын, Қаз КСР ғылым академиясын құру тарихы туралы айтылады.
Үшіншісі — Тәуелсіз Қазақстан ғылымы. Бұл залда қазіргі қазақстандық ғылымының дамуына зор үлес қосқан ғалымдарының ғылыми еңбектері мен жетістіктері бар.
***
Тағы оқыңыз:
Ғарышқа бір қадам: Қазақстанда жұлдызды аспанды қайдан тамашалауға болады?