Ғарышқа бір қадам: Қазақстанда жұлдызды аспанды қайдан тамашалауға болады?

ғарыш, обсерваториялар
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Аспан денелерін тамашалап, жұлдыздарды жақыннан көріп, ғарышқа қадам басқыңыз келе ме? Алматы тұрғындары мен қонақтарына осындай мүмкіндік беретін арнаулы мекемелер барын білесіз бе? Baribar.kz Қазақстандағы обсерваториялар тізімін дайындап, онда ғарыштың қай объектілері зерттелетінін жазды.

Қазақстанда үш обсерватория бар: Каменское үстірті, Ассы-Түрген және Тянь-Шань обсерваториясы. Үшеуі де Алматыдағы Василий Фесенков атындағы астрофизикалық институтқа қарайды.

Каменское үстірті обсерваториясы

Астрофизикалық институттың Каменское үстіртіндегі обсерваториясы теңіз деңгейінен 1450 метр биікте орналасқан. Обсерваторияның құрылуына 1941 жылғы 21 қыркүйектегі күннің тұтылуына қатысты жүргізілген бақылаулар негіз болған. Сол жылы Мәскеу мен Ленинград ғалымдары Қазақстанға осы күннің толық тұтылуын зерттеу үшін келеді. КСРО-ның батысынан фашистер басып кіргендіктен, Алматыға эвакуацияланған ғалымдарға қосылып Қазақстанда қалу туралы шешім қабылданады. В.Г.Фесенков атындағы астрофизикалық институты осылай құрылған.

Күн тұтылған соң бірнеше күн өткеннен кейін, астроном, астрофизик, Қазақ КСР еңбегі сіңген ғылым қайраткері Василий Фесенков Қазақ КСР халық комиссарлар кеңесіне Алматыда Қазақстан астрономия, физика және геофизика ғылыми-зерттеу институтын салу қаншалық маңызды екені туралы жазба жібереді. Сөйтіп елімізде обсерваториялар кезек-кезек салына бастайды. Институт ғимаратын кеңес-жапон соғысынан кейін тұтқынға алынған жапон азаматтары салған.

Ал институт жанынан үлкен обсерватория тұрғызу үшін 1943 жылы астроклиматы жақсы алаң ізделе бастайды. 1945 жылдың екінші жартысында Алматыдан 11 шақырым қашықтықта теңіз деңгейінен 1450 метр биікте обсерватория орны мен жобасы таңдалды. 1946 жылғы наурыз айында обсерваторияның құрылысын бастау жөнінде үкімет қаулысы қабылданған. Ал құрылыстың өзі 1947 жылы басталды.

Каменское үстірті обсерваториясы. Фото: Никита Спивак

1950 жылға дейін обсерватория Таулы астрофизикалық обсерватория деп аталды. Ал одан кейін ресми атауы астрофизикалық институт болып өзгертіліп, мекемеге оның негізін қалаушы В.Г.Фесенковтың есімі берілді. Қазір обсерваторияда галактикалар, жұлдыздар, ғаламшарлар және геостационар жер серіктерін бақылайтын төрт телескоп істеп тұр. Обсерваторияда атмосфералық орта, жұлдыз астрономиясы, Күн жүйесінің үлкен ғаламшарлары, кометалар және тағы басқа бағыттар бойынша зерттеу жүргізіледі.

Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған экскурсиялар тек осы обсерваторияда өтеді. Іс-шарада түрлі тақырыпта дәріс тыңдап, телескоп арқылы жұлдызды аспанды тамашалауға болады. Экскурсиялар тек кешкі уақытта, күн бұлтты емес кезде ұйымдастырылады.

Обсерваторияның мекенжайы:

Алматы қаласы, Обсерватория көшесі, 23

Байланыс нөмірі:

+7 (777) 145 05 24.

Ассы-Түрген обсерваториясы

Ғалымдарға Каменское үстірті обсерваториясында зерттеу жасауға Алматының жарығы кедергі болды. Сөйтіп 1975 жылы Ассы-Түрген обсерваториясын салу туралы шешім қабылданды.

Академик Түкен Омаров атындағы Ассы-Түрген обсерваториясы — Алматыдан күн шығысқа қарай 75 шақырым қашықтықта, теңіз деңгейінен 2750 метр биікте орналасқан астрономиялық обсерватория. Оны Қазақ КСР ғылым академиясының астрофизика институты тұрғызған. Бұл обсерваторияда 1981 жылдан бастап ғарыш денелері бақылана бастады.

1991 жылы телескоптардың екі мұнарасы мен мейманханалық блогы салынды және бір метрлік телескоп іске қосылды. Бұл телескоппен ғалымдар 13 жарық жыл толған ғарышқа қарай алады. Ол — Қазақстандағы ең үлкен телескоп, ТМД елдеріндегі ең үлкен телескоптардың бірі.

Ассы-Түрген обсерваториясы. Фото: Никита Спивак

Обсерватория Ассы биік таулы үстірттің жоғарғы бөлігінде орналасқан. Үстіртке барар жолда керемет табиғат көрінісіне куә болуға болады. Ал обсерваторияда әлемдегі ең үлкен телескоптардың бірі орнатылған.

Обсерваторияға «Ассы» атауы 2009 жылы берілген. Оған дейін «Обсерватория» деген атаумен тұрған.

Бүгінгі таңда Ассы-Түрген обсерваториясы — еліміздегі астроклиматы керемет жалғыз обсерватория. Күндіз күн күркіреп, жауын-шашын болса да, түнде аспан қашан да ашық болады. Түні ашық мұндай обсерваториялар әлемде саусақпен санарлық қана. Мұндай кезде ғалымдар ғарыш объектілерін тереңінен зерттей алады.

Мұнда жұлдыздар мен тұман физикасы, жұлдыздар динамикасы, ядролық астрофизика зерттеліп, Жер спутниктері бақыланады.

Байланыс нөмірі:

+7(727) 260-75-90, 260-74-41 (сағат 9.00-17.00).

Тянь-Шань обсерваториясы

Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясының негізі 1957 жылы қаланған. Обсерватория алғашында Халықаралық геофизика жылы бағдарламасы аясындағы экспедиция болып құрылды. Ал 1962 жылдан бастап экспедиция тұрақты бақылау станциясы болды. Тянь-Шань обсерваториясы Алматыдан 30 шақырым қашықтықта, Үлкен Алматы көлі маңында 2700 метр биікте орналасқан.

Тянь-Шань обсерваториясы. Фото: Иван Сальников

1985-1991 жылдары обсерваторияның салынуына техника ғылымдарының кандидаты Фарит Халиуллин көп еңбек етті. 1994 жылы обсерваторияны В.Г.Фесенков атындағы астрофизикалық институт басқара бастады. Обсерваторияны 1994 жылдан бері Кеңескен Куратов басқарады. 2007 жылы Тянь-Шань обсерваториясы жөнделді, ал 2014 жылы телескоптары жаңартылды.

Бұл жерде жұлдыздар, ауа қабаты, Күн мен тұманның физикасы, тартылыс жүйелерінің динамикасы, планеталар физикасы зерттеледі.

Тянь-Шань астрономиялық обсерваториясы Үлкен Алматы көлін маңында орналасқан. Қазақстанда айнасының диаметрі бір метр болатын тек үш телескоп бар. Соның екеуі осы Тянь-Шань обсерваториясында, біреуі Ассы-Түрген обсерваториясында тұр.

Байланыс нөмірі:

+7 (708) 129 5863

 ***

Тағы оқыңыз:

Астрофизик Гүлнұр Сүбебекова: «Өскенде ғарышкер боламын» дейтін балалар азайып кетті