Қарағандылық ғалымдар бұл өнер-табысын ЕХРО көрмесіне апаруды жоспарлап отыр. Инвестор табылса, өндіріске енгізуге болады дейді олар. 8 адам осы жобамен үш жыл айналысқан. Нәтижесінде жас ғалымдар әлемде алғаш болып жусаннан биоотын алды.
«Бұл өсімдіктерде лигнин тәрізді заттар аз. Соған байланысты төмен температурада технологияда қолданатын термоөңдеу процесі жеңіл жүреді. Екіншіден, алынған перролизді сұйықтың құрамындағы улы фенол компоненттері де аз. Сол себептен технология жағынан өте тиімді болып табылады», — дейді жоба авторы Нұрлан Мерхатұлы.
Химиктер ойлап тапқан биоотынның ерекшелігі, кез-келген жанар-жағармайдың сапасын арттырады. Бұл көлік саны күнде көбейіп жатқан қазіргі уақытта аса қажет дүние дейді олар.
«АИ-80 бензиніне оңай араласады. Сонымен қатар мысалы, бізде бензин толық жанбайды ғой. Бұл катализатор ретінде оны толық жандыруға мүмкіндік береді. Егер де ол толық жанатын болса, СО2 көмір қышқыл газының аз бөлінуіне әсер етеді және актан санын көтеруге үлкен себепкер болады », — дейді химия факультетінің магистранты Абылайхан Ескендіров.
Зерттеушілердің есебі бойынша бір тонна жусаннан 200 литр биоотын алуға болады екен. Ал айына 5 тоннаға дейін дайын өнім өндіруге мүмкіндік бар. Бірақ ол үшін қаржы керек.