Биыл 180-ге жуық ауылға интернет тартылады

Шалғайдағы елдімекендерге интернет қосу үшін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне бірқатар құзырет беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған үкімет қаулысының жобасында жазылған.

Байланыс операторларына шалғайдағы ауылдық елдімекендерге интернет қосу үшін жерүсті байланыс инфрақұрылымын құру экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сондықтан ауылдар интернетсіз қалып отыр. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде республикалық бюджеттен қаражат бөлу көзделген, — делінген құжатта.

Осы жұмыстарды іске асыру үшін цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне мына құзыреттер беріледі:

— төтенше жағдайларда ұялы байланыс болуы үшін жылжымалы ұялы базалық станцияларды пайдалану қағидаларын бекіту;

— спутниктік технологиялар арқылы ауылдық елдімекендерге интернет қосу.