Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесінің» бірінші саммитіне қатысты

Мемлекет басшысы «Орталық Азия + Араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі» саммитіне қатысуға барды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Президенттің айтуынша, сенімді әрі белсенді саяси диалог, сауда-экономикалық ынтымақтастық дамып, мәдени-гуманитарлық байланыстарды тұрақты түрде нығайып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әуелі сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту маңызды.

Өзара сауда номенклатурасын ұлғайту қажет. Мысалы, Қазақстан қысқа мерзімде құны шамамен 400 миллион доллар болатын 100 түрлі тауар экспорттауға дайын, — деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру мәселесін екінші басым бағыт ретінде атады. UNCTAD баяндамасына сәйкес былтыр Орталық Азияға тартылған таза инвестиция 40 пайызға артып, 10 миллиард долларды құрады. Оның 60 пайызы Қазақстанға тиесілі.

Тәуелсіздік жылдары Шығанақ елдері Қазақстан экономикасына 3,6 миллиард долларға жуық қаржы салды. Осыған орай шетел капитал үшін барынша қолайлы жағдай жасап жатырмыз. Жуырда Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында іскерлік кеңес құрылды. Ол екі елдің сауда және инвестициялық әлеуетін арттыруға арналған маңызды алаң болмақ. Біз Кеңеске мүше мемлекеттердің барлығымен осындай ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Серіктестерімізді «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға шақырамыз, – деді президент.

Президенттің пікірінше, көлік-транзит саласын дамыту маңызды. Қазір түрлі инфрақұрылымдық және логистикалық жобалар қолға алынды. Атап айтқанда, Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік дәлізін одан әрі дамытуға баса мән береді.

2030 жылға қарай жыл сайын 500 мың контейнерге дейін жүк жеткізуді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамыту шараларын қабылдап жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуды келесі басым бағыт ретінде атап өтті. Орталық Азия мемлекеттерінің аумағында 30 миллиард тоннадан астам барланған мұнай қоры және 20 триллион текше метрден астам газ қоры бар. Бұл аймақтың мұнай мен газ көлемі жағынан әлемде Араб түбегінен кейін екінші орында екенін көрсетеді.

Біз жан-жақты қарым-қатынасты тереңдете түсуге дайынбыз. Елімізде энергия ресурстарын тасымалдау бағыттарын әртараптандыру үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Сонымен бірге Қазақстан өндіруші жаңа қуат көздерін дамытуға және жаңғыртуға баса мән береді. Геологиялық барлау және өндіру ісіне озық тәжірибе мен технологияны енгізуге айрықша көңіл бөледі. Сондай-ақ заманауи мұнай-химия өнеркәсібін өркендетуге басымдық береді. Қазақстан Шығанақ елдерінің ірі энергетикалық компанияларымен тығыз қарым-қатынас жасауға дайын. Әсіресе, «жасыл энергетика» саласында бірлесіп жұмыс істеуге ниетті. Мысалы, Саудияның «ACWA Power», Әмірліктердің «Masdar» және Қатар компаниялары жобаларының келешегі зор. Жуырда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесі өтті. Сол жиында мен Қазақстанда Халықаралық энергетикалық форум өткізуді ұсындым. Ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің мұнай мен газ экспорттайтын кәсіпорындарын осы іс-шараға қатысуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты мәселеге арнайы тоқталды. Сонымен қатар Қазақстан Араб елдеріне ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау көлемін ұлғайтып, олардың құрылымын әртараптандыруға мүдделі екенін айтты.

Еліміз – әлемде бидай мен ұн өндіретін ең ірі он мемлекеттің бірі. Араб әріптестеріміздің «органик» және «халал» өнімдерін өндіру, өңдеу және сертификаттау тәжірибесі мен мүмкіндігі мол. Сондықтан оларға сұраныс жоғары. Осы орайда стандарттарды, техникалық реттеу және сертификаттау жүйесін үйлестіру маңызды. Бұл бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет деп санаймыз. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымының әлеуетін пайдаланып, бұл міндеттерді тиімді іске асыра аламыз. Ұйымның қазіргі төрағасы ретінде белсенді жұмыс жүргізіп жатқаны үшін қатар басшылығына шынайы ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар оның қызметін жандандыруға Сауд Арабиясының зор үлес қосқанын айрықша атап өткім келеді. Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, осы саладағы ынтымақтастықты дамыту үшін Ауыл шаруашылығы министрлерінің кездесу тетігін құруды ұсынамын, – деді президент.

Бұдан бөлек, президент аймақаралық туризмді дамытуды ынтымақтастықтың келесі басым бағыты ретінде атады.

Орталық Азияның туристік әлеуеті зор. Мұны тиімді пайдалану қажет. Оған қоса туризм индустриясы – аймақ экономикасының тез дамып келе жатқан саласының бірі. Осыған орай туризмнің мәдени-танымдық, экологиялық, спорттық, сауықтыру және іскерлік салаларын бірлесе дамытуға дайынбыз. Бұл туристік бағытты ілгерілетуге ықпал етеді. Бүгінде Қазақстан Ынтымақтастық кеңесіне мүше барлық мемлекет үшін визасыз режим енгізді. Сонымен қатар сіздердің астаналарыңызбен тікелей әуе қатынастарын жолға қойды, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар «Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің» бірінші саммитіне Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, Бахрейн Королінің гуманитарлық жұмыс және жастар ісі жөніндегі өкілі, Ханзада шейх Насер бен Хамад Әл Халифа, Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни, Кувейттің Тақ мұрагері шейх Мешаль әл-Ахмед әл-Джабер ас-Сабах, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әмірлігінің Билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Оман Сұлтанаты Премьер-министрінің орынбасары, Ханзада Асад бен Тариқ Әл Саид, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Жассем Мұхаммед әл-Будауи қатысты.

«Орталық Азия + Шығанақтағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастығы кеңесі» бірінші саммитінің қорытындысы бойынша Бірлескен мәлімдеме қабылданды.