Қазақстанның Азаматтық Альянсы қауымдастығының президенті БҚО-да кездесу өткізді

Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстанның Азаматтық Альянсы қауымдастығының президенті Бану Нұрғазиева облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесу өткізді.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар байқауына үкіметтік емес ұйымдармен қатар өзге де ірілі-ұсақты бірлестіктер, тіпті пәтер иелері кооперативтері де қатыса алады. Біздің ойымызша, коммерциялық емес ұйымдардың өзін бөле қарастыру қажет. Жалпы, үкіметтік емес ұйымдардың қызметін реттейтін нақты заң керек, — деді ол өз сөзінде. Оның ойынша, үкіметтік емес ұйымдар — үлкен күш. Алайда, әлі де болса азаматтық қоғамның осы бөлігі жан-жақты дамытуды, заңнамалық қолдауды қажет етеді.

Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, «Тұғырым» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Арыстанова қоғамдық ұйымдарға қатысты бірқатар мәселені жіпке тізді. Оның айтуынша, көптеген тәжірибесіз ұйымдар әлеуметтік тапсырыстардың салмағы мен мазмұнына мән берместен, оңай ұтып алады.

Әрине, бәрі заң аясында шығар. Алайда, бұл жерде де сүзгі болу керек қой. Сондай-ақ, осыған дейін ұтқан лот бойынша алдын ала 30 пайыз қаржы алатын едік. Қазір ондай жеңілдік жоқ. Кез келген іс-шараны қарызданып-қауғаланып өткіземіз. Осы жағы реттелсе екен, — деді Айнұр Серікқызы.

c73619a056abca92fb81ffdae81c3f18 Қазақстанның Азаматтық Альянсы қауымдастығының президенті БҚО-да кездесу өткізді
Фото: БҚО әкімдігі

Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Азамат Мусилов жергілікті атқарушы құрылымдардың жұмысын сынға алды. Оның ойынша, көптеген лауазымды тұлғалар қоғамдық кеңес мүшелерінің көкейінде жүрген салалық сұрақтарына жауап беруге дайын емес.

Шенеуніктерге ширақтық керек. Біздің әріптестеріміздің арасында бай тәжірибелі, кәсіби білікті азаматтар аз емес. Бәріміздің тілегіміз бір — өңірдің өркендеуіне үлес қосу. Алайда, бізге құлақ асқысы келмейтін құрылымдардың бар екенін де жасырмаймын. Өз басым жеке қаражатыма талай істі тындырып жүрмін. Ұсыныстарым аяқсыз қалатын кездер көп, — деді Азамат Қанатұлы.

Айта кетейік, облыстық қоғамдық кеңесте жылдық жоспарға сәйкес мемлекеттік мекеме басшыларының есебі тұрақты түрде тыңдалады.

Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Мәрлен Иманғалиев Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ұрыс қимылдарына қатысушыларды қолдау қажеттігін алға тартты.

Бұл туралы 2021 жылы Президент пәрмен берді. Мәселен, өңір бойынша Таулы Қарабақтағы ұрыс қимылдарына қатысқан 350-ден астам азамат бар. Арамызда мүгедектер де жоқ емес. Ай сайын жеті мыңға жуық теңге беріледі. Оның көлемін өзіңіз бағамдай беріңіз. Қоғамдық көліктерде жеңілдік жоқ. Санаторийлерге де солай. Осы мәселені тиісті орындарға жеткізсеңіз, — деді Мәрлен Ғилманұлы.

Айта кетейік, «БҚО бойынша Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан жауынгерлік іс-қимыл ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің мүшелері түрлі іс-шараларды ұйымдастырып, жас ұрпақтың отансүйгіштік сезімін арттыруға атсалысуда.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да