Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Қазір белгілі бір ғылымды әртүрлі форматта түсіндіретін педагогтар көбейіп жатыр. Мұғалімдер оқыту әдісін заманға сәйкес өзгертіп, әлеуметтік желі арқылы балаларға сабақ бере бастады. Солардың бірі — тиктокер, химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсенов. Ол балаларға химияны әлеуметтік желі арқылы түсіндіреді.

1 300 000 жазылушысы бар тиктокер-химик

Ұлан Үсеновтың химия пәнінен сабақ беріп жүргеніне сегіз жыл болды. Өзінің айтуынша, барлық балаға бірдей түсінікті болатын сабақ оқыту тәсілі жоқ. Сабақты әркімге әртүрлі әдіспен үйрету керек.

Жұмыс істеп жүріп жинаған тәжірибемнен ең жақсы мысалдарды көрсетіп қана қоймай, жаңа, қызық мысалдар ойлап табамын. Себебі кейбір балаға кітапта жазылған ақпарат түсініксіз, оның қабылдауы қиын. Оларға ақпаратты дұрыс жеткізу үшін анимені, әзіл-қалжыңды, музыканы қолданам. Солар арқылы баланың да тілін тауып, ғылымға да қызықтырамын. Менің қолданатын тәсілім  — химияны балалар түсінетін тілде түсіндіру, — дейді Ұлан Үсенов.

Ол оқушы кез келген пәнді меңгере алатынына сенімді. Бұл үшін сабақтың тақырыбына қарай түрлі мысал келтіріп, ақпаратты жеткізудің оңтайлы жолын табу керек. Оқушылардың 20%-і ғана тақырыпты оқулықты оқып түсіне алса, қалғаны оны ұға алмауы мүмкін.

Ұлан Үсенов мектепке мұғалім болып қызметке тұрғаннан бастап әлеуметтік желіні қолданған. Химия ғылымын желіде түсіндірудің түрлі әдісін байқап көріпті. Әуелі YouTube-тен канал ашып, онда 1,5 жыл контент жүргізіп отырған.

Ол кезде видео түсіруді, өңдеуді енді үйрене бастаған едім. YouTube-ке арналған видеоны түсіру, дайын болғанын өңдеу процесі ұзақ әрі қиын болды. Сондықтан YouTube-каналыма салынған видео да аз. Оған қоса оны қарап жатқандардың да қарасы көп емес екен. Ақыры соңында мектебіміздің әкімшілігі видео түсіріп, оны каналыма салуға рұқсат бермеді,- дейді Ұлан мырза.

Мұғалімнің айтуынша, 2020 жылы басталған пандемия кезінде балалардың оқуға, жаңа нәрсені үйренуге деген ынтасы төмендеді. Қашықтан оқыту балаларға біраз кері әсер етті. Сөйтіп Ұлан мырза балаларға сабақ оқытудың басқа да тәсілдерін іздейді.

Сол үшін ол химиялық эксперимент жасап жатқан сәттерін TikTok-желісіне салып, жаңа контент түсіре бастайды. Әлеуметтік желідегі жалғыз әдісі бұл емес, қазір оқушылардың көңілінен шығып, оларды қызықтыра түсетін неше түрлісін ойлап тапқан. Соның арқасында жазылушысы да көп — 1 300 000 адам.

Аниме контенті

Басында Ұлан мырза химияны «Наруто» анимесі арқылы түсіндіре бастайды. Өйткені оқушылардың көбі осы анимені қызыға тамашалайды.

Анимеде болған әрекеттерді химияның реакцияларына теңеп жеткіземін. Мысалы, анимеде қозғалыс жылдамдығы бар, ал химияда реакция жылдамдығы бар. «Наруто» анимесінде Рок Ли және Гаара деген кейіпкерлер бір-бірімен күресетін сәті бар. Рок Ли салмақ бергішті аяғынан алып тастаса, қақпа ашылады. Содан кейін ол жылдам қозғалып, күш жинайды. Химиялық заттар да ерітіндіде немесе газ қоспасында қозғалады. Ал әлгі кейіпкерлер кездескен сәтте реакция басталады, — дейді химик.

Химияда да дәл солай. А заты В затымен жанасып, реакция пайда болады. Ал қоспаны қыздырса, химиялық заттар жылдамырақ қозғалып, аз уақыт ішінде реакция пайда болады. Заттар неғұрлым тез қозғалса, реакция жылдамдығы соғұрлым жоғары болады.

Музыкалық контент

Тиктокер барлық оқушы аниме көрмейтінін түсініп, басқа да контент жасауға көшеді. Ойлана келе, тек оқушылар емес, ересектер де ән тыңдайтынына көзі жетіп, музыкалық контент жасай бастаған.

Ұлан мырзаға бала кезінде әжесі тақпақ жазуды үйреткен. Сосын жазып-сызғаны түрлі басылым бетіне жарияланыпты. Тіпті, өлеңдері жеке жинақ болып та шығыпты.

Бірақ ол өлең шығаруы хобби ретінде қалып, әрі қарай дамытпағанын айтады. Есесіне бала күнінен келе жатқан хоббиін бүгін пайдаға асырып жатыр. Өлең, ән арқылы балаларға химияның қиын да күрделі тақырыбын түсініп, қызығып, есте сақтауға көметкесіп жүр.

Ұлан Үсенов.Фото жеке архивінен

Параграфтағы ақпаратқа қарағанда әннің сөзін есте сақтау әлдеқайда оңай. Параграф пен өлеңде қанша сөз бар екенін санап шықтым. Сол сөздерді бір-бірімен ұйқастырып, өлең жазса болады екен, — дейді мұғалім.

Ол әлеуметтік желіге салып жүрген барлық әнінің сөзін өзі жазған. Себебі өлеңнің сөзі бір-бірімен ұйқасуы қажет, керек ақпаратты дұрыс жеткізу өте маңызды.

Әрбір музыкалық контент түсіру процесі идеядан басталады. Мысалы, ол әйгілі Lady Gaga – Just Dance әні арқылы қорғасын элементі туралы контент түсірген. Оған әннің атауы қорғасын сөзімен ұйқасатын сияқты көрініпті. Әннің мәтініндегі барлық буындын санап, оқулықтан қорғасын туралы маңызды ақпаратты жинап, өлең жазды. Мәтінді жазу үшін орта есеппен төрт-бес сағат уақыт қажет.

Мәтін жазып болған соң әріптесіме хабарласып, ән жаздыртуға барамын. Әріптесім — музыка пәнінің мұғалімі. Жұмыс күнім біткеннен кейін оның үйіне барып, тағы үш-төрт сағат аудио жазамын. Бір-екі күн ішінде әріптесім сөз бен аудионы біріктіріп дайындайды. Өлең толық дайын болған соң видео түсіріп, оны өңдеймін. Түсірілім үш-төрт сағатқа созылса, өңдеуді шамамен бес-алты сағатта бітіремін. Осылайша бір музыкалық видеоның толық процесі бір аптаға созылады, — дейді Ұлан Үсенов.

Тиктокердің айтуынша, бір оқырманға тәжірибе жасап жатқан видео ұнаса, екіншісіне музыкалық контент, ал үшіншісіне оның түсіндіру әдісі ұнайды. Бірақ аудитория қайталанатын контенттен тез жалығып кетеді. Сондықтан контентті әзілмен, түрлі трендпен алмастырып, қазір музыкалық форматқа дейін жеткен.

Химиктің оқырмандары музыкалық және пародиялық контентті ұнатады

Қазіргі уақытта химиктің оқырмандары музыкалық және пародиялық контентті жақсы көреді. Әсіресе пародиялық контентте көзілдірік киген мұртты химик оқырманға көбірек ұнайды. Өйткені ол қызық нәрселерді ерекше форматпен түсіндіреді.

Оған қоса оқушылар қандай да бір элементті жанды етіп бейнелеген контентті ұнатады. Былайша айтқанда, бұл дегеніміз — хуманизация (жаныз заттарды немесе жануарларды адам кейпінде бейнелеу — ред.).

Ұлан Үсенов.Фото жеке архивінен

Анимеге қарағанда музыкалық контент өтімді әрі қызық екен. Танымал әнді қолданған контент аудиторияға тез таралады. Соның әсерінен контенттің танымалдығы артып, қолданушылар комментарий жазып, достарына жіберіп, парақшаға тіркеледі. Сондықтан қазіргі уақытта музыкалық формат өзім қолданған барлық әдістің ішіндегі ең сәттісі екеніне көзім жетті, — дейді Ұлан мырза.

«Балалардың бәріне сай келетін әмбебап әдіс жоқ»

Оның айтуынша, балалардың бәріне түсінікті әмбебап әдіс жоқ. Себебі әр оқушы әртүрлі. Бір оқушыға оқулықтағы ақпарат жеткілікті болса, екіншісіне міндетті түрде  тәжірибе немесе видео форматтағы қосымша сабақ керек. Сондықтан химик оқыту әдістерін өзгертіп отыруға тырысады.

Оқушыларыма қызық тапсырма бергенмін. Адам химиялық затты ішіп, содан қайтыс болған оқиғаны елестеттім. Қызық болсын деп жерге адамның сұлбасын салып қойдым. Оқиға болған жерде химиялық қосындысы бар 12 зат табылды. Оқушыларым адамның қай заттан қайтыс болғанын табуы керек болды. Химиялық тәжірибе арқылы балалар сол химиялық затты тауып, тапсырманы орындап шықты. Балаларға бұл әдіс қатты ұнағанын байқадым, — дейді мұғалім.

Химик ағай бұл салаға кездейсоқ тап болған

Өмірін химиямен байланыстырған Ұлан мырза бұл салаға кездейсоқ келіпті. Мектеп бітіріп жатқан кезде оған мамандықтан гөрі мемлекеттік грант маңыздырақ болған. Көп ата-ана баласын ақылы оқытуға шамасы болмаған. Ал Ұлан мырза тіпті ешқандай салаға қызықпаған да.

Бір химик досым ҰБТ-да таңдау пәні ретінде тестіні химиядан тапсыруға кеңес берді. Өйткені бұл пәннің тесті басқаларына қарағанда жеңілірек болады екен. Ақыры екі ай ішінде химияны оқып, ҰБТ-ны жақсы тапсырдым. Инженер-технолог мамандығы бойынша оқуға түсіп, бітіріп шықтым. Бірақ мұғалім болуды армандамағанмын, үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Соңында жоғары оқу орнын бітіріп, химия пәнінің мұғалімі болып шыға келдім, — дейді Ұлан Үсенов.

***

Тағы оқыңыз:

Өндіріс орнынан репортаж: Биологиялық белсенді қоспа қалай өндіріледі?