Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің профессорлары мен студенттері Шымкенттегі Қошқар ата өзенінің суын тазалаудың биологиялық әдісін ойлап тапты. Baribar.kz тілшісі химия ғылымдарының докторы Ғани Ізтілеуов пен студент Ерасыл Жолдаспен олардың жаңа ғылыми жобасы туралы сөйлесті.

Өкінішке қарай, қазір жер бетіндегі, оның ішінде еліміздің түкпір-түкпіріндегі су көздері түрлі себептен ластанып жатыр. Осындай экология мәселесіне Шымкенттегі Қошқар ата өзені де тап болды. Өзеннің жағдайы қазақстандық ғалымдарды алаңдатпай қоймады. Мұхтар Әуезов университетінің профессорлары — биология ғылымдарының докторы Ақмарал Исаева, химия ғылымдарының кандиданты Ғани Ізтілеуов және техника ғылымдарының кандиданты, доцент Айсұлу Әбдуова Қошқар ата және Бадам өзенінің суын тазартуға мүмкіндік беретін әдісті ойлап табуға кіріскен.

Қошқар ата — бір миллионнан астам тұрғыны бар Шымкенттегі жер асты бұлақтарынан басталып, 12 шақырымнан кейін Бадам өзеніне қосылатын өзен. Қошқар ата өзенінің суын шелектеп алып, ауызсу ретінде қолдануға болады. Ал Бадам өзенінің суы ішуге арналмаған. Дегенмен, өкінішке қарай, кейбір адам біліп-білмей, өзенге қоқыс және тағы басқа лас заттар тастап жүр. Салдарынан өзеннің суы ішуге жарамсыз күйге айналып бара жатыр. Шымкенттегі Қошқар ата өзенінің осы хәлін көрген соң, оны тазартуға аздап болса да үлес қосуды мақсат еттік, — дейді Ғани Ізтілеуов.

Ерасыл Жолдас
Ерасыл Жолдас. Фотоны Мұхтар Әуезов атындағы университет ұсынды

Жобаны іске асыруға профессорлармен бірге Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің студенттері Ерасыл Жолдас, Алина Лаврентьева, Мерей Жакат атсалысты. Олар да Қазақстандағы су көздері проблемасына бей-жай қарамайтынын айтады.

Меніңше, қазіргі таңдағы жаһандық проблема — таза судың тапшы екені. Адамзат үшін су өте маңызды. Біздің денеміздің көп бөлігі судан тұрады. Біз үнемі суды тұтынамыз, оған мұқтажбыз. Сол себепті оны тазартып, оның жағдайына аса мән берген жөн. Себебі су көздеріне түрлі қоқыс, химия заттары түсуі ықтимал. Оның кесірінен адамдар түрлі ауруға шалдығуы, су арқылы түрлі вирус тарауы мүмкін. Түбінде тек өзен емес, өзіміз де зардап шегеміз, — дейді Ерасыл Жолдас.

Ғалымдар ең әуелі Қошқар ата өзенін зерттеп, оған қандай зиян заттар түскенін анықтап, мәліметтер жинаған. Нәтижесінде өзенге өндіріс нысандары және жер үсті ағынды сулары арқылы органика заттары түскені белгілі болды. Су көзі тұрмыстық және техника қоқыстарымен де ластанған. Талдау дерегі бойынша, өзеннің ластануына себеп болғандардың қатарында 35,8 мг/л нитрат, 0,4 мг/л, нитрит, 26,4 мг/л магний иондары, 4,5 мг/мыс және 5,3 мг/л мырыш бар.

Ауа райы мен климат жағдайына байланысты ластану процесі, суды ластайтын заттар өзгеріп тұрады. Күзде, көктемде қар еритіндіктен және жауын-шашын көп болатындықтан, өзенге ластайтын зиян зат көп түседі. Ал жазда және қыста бұл көрсеткіш азаяды, — дейді Ғани Ізтілеуов.

Фотоны Мұхтар Әуезов атындағы университет ұсынды

Ғани Ізтілеуовтің айтуынша, гидрохимия анализінің нәтижесіне сүйеніп, өзенді шартты түрде төрт учаскеге бөлуге болады:

1-учаске — өзеннің басталған жері. Мұндағы судың температурасы өте төмен және аса қатты ластанбаған.

2-учаске — өзеннің орта жағы. Бұл жағы көбіне коммуналдық ағындар арқылы ластанған. Мұнда ластану деңгейі орташа.

3-учаске — қала орталығында орналасқан бөлігі. Өзеннің бұл аумағын тек коммуналдық ағындар емес, жол канализациялары да ластайды. Бұл бөліктің ластану деңгейі өте жоғары.

4-учаске — өзеннің сағасына дейінгі соңғы бөлігі. Улайтын заттар түссе де, өзеннің бұл бөлігі өзін-өзі лас заттардан тазарта алады. Дегенмен кейінгі кездері өзен өзін-өзі тазартып үлгермей жатыр, сол себепті бұл бөлік қазір қатты ластанған учаскенің бірі болып отыр.

Фотоны Мұхтар Әуезов атындағы университет ұсынды

Ғалымдар проблеманы анықтаған соң оның шешу жолын табуға кіріскен. Бұл үшін олар осы Қошқар ата өзенінде бар өсімдіктерді зерттеп, оларды тиімді пайдаланудың әдісін іздеді. Нәтижесінде мамандар ол жерден балдырдың 22 түрін тапқан: жасыл-көк балдыр — екі түрі, диатомды балдыр — 15 түрі, жасыл түрі — үш түрі, эвгленалы балдырлар — екі түрі, протозоофаунаның 10 түрі. Соңында олар өзенде бар балдырдың екі түрін қолданды.

Фотоны Мұхтар Әуезов атындағы университет ұсынды

Қошқар ата суын тазарту үшін фонтиналис пен жасыл балдырды пайдаландық. Экспримент кезінде бір ыдысқа Қошқар ата өзенінен алынған лас суды, бір ыдысқа таза суды құйдық. Үшінші ыдысқа балдырды салдық. Үш ыдыс бір-біріне құбыр арқылы жалғанған. Бірнеше күннен соң балдырдың лас судағы зиян заттарды, әсіресе мырыш, мыс, магний иондары сияқты ауыр металлдарды өзіне сіңіріп алып, суды тазартқанын байқадық. Осылай, біз өзендегі осы балдыр түрін суды тазарту үшін пайдалануға болатынын түсіндік — дейді Ғани Ізтілеуов.

 

Фотоны Мұхтар Әуезов атындағы университет ұсынды

Жоба авторы әрі студент Ерасыл Жолдастың айтуынша, балдыр арқылы суды тазарту экономикалық жағынан өте тиімді.

Елімізде суды тазартуға арналған кей өсімдікті, қажет дүниені шетелден алдыртады. Ол көп қаржыны талап етеді. Ал фонтиналис пен жасыл балдыр өзіміздің Қошқар ата өзенінде, жалпы Түркістан облысында жиі кездеседі. Тіпті, оны кез келген зертханада өсіруге болады. Оған қоса бұл әдіс электр қуатын, реагенттерді, күрделі жабдықты қажет етпейді. Тәжірибе кезінде ластанған су қосымша реагенттермен ластанбайды. Сол себепті мұны тиімді әдіс деп айтуға болады, — дейді жас ғалым.

Айта кетері, жобаға атсалысқан студенттер биылғы 17-21 сәуір аралығында әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің базасында өткен республикалық олимпиадада балдыр арқылы өзенді тазалаудың биология әдісін таныстырды. Студенттер 24 команда арасынан І орын алды.

Профессор Ғани Ізтілеуов олардың жобасы олимпиадада ғана емес, мемлекеттік деңгейде ескерілсе, қолдау тапса дейді.

Бұл әдіс — өлкеміз үшін үлкен мүмкіндік, сол себепті өзендегі балдырдың санын көбейткеніміз дұрыс, — дейді профессор.

***

Тағы оқыңыз: 

Ертіс өзенін сақтау. Ғалымдар қандай зерттеу жүргізіп жатыр?