Абай облысындағы орман өрті толығымен сөндірілді

Абай облысының Бородулиха ауданындағы орман өрті толығымен сөндірілді. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

«Семей орманы» МОТР ақпараты бойынша, бүгін сағат 13.00-де Абай облысы Бородулиха ауданындағы орман өрті толығымен сөндірілді. Өртенген учаскенің ауданы 60 000 гектар болды, — делінген хабарламада.

Орман өрті 14 маусымда сағат 21.00-де оқшауланған еді. Өрт оқшауланып, өңірлерден жұмылдырылған ТЖМ күштері мен құралдары тұрақты жұмыс орындарына кеткен сәттен бастап оқиға орнында қайта өртену мүмкіндігін болдырмау мақсатында экология және табиғи ресурстар министрлігінің орман өрт станциялары кезекшілік (қарауылдау) атқарды. Өрттің бүкіл периметрі бойынша патрульдеу жүргізілді.

ТЖМ мәліметінше, өрт аумағы одан әрі ұлғаймай, таралуы тоқтағаннан кейін ғана тілсіз жау оқшауланды деп саналады. Ол оттың қайта тұтануына жол бермеу бойынша шаралар қабылданып, оның жануы толығымен тоқтаған кезде өрт сөндірілді деп есептеледі.

Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 15 адамның өмірін жалмады.

9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.

10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.

11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.

12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

13 маусымда өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінді.

14 маусымда мемлекет басшысының жарлығымен «Семей орманы» резерватының 14 қызметкері «Құрмет» орденімен марапатталды.

Облыста сағат 21.00-де ормандағы өрт оқшуаланды.