Қазақстанның 15 аймағында өңдеу өнеркәсібі көрсеткіштері артты. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров үкімет отырысында мәлімдеді.
Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3,5%-ке өсті. Көрсеткіштің өсуі 15 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсуді Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті. Салалар бойынша машина жасау өндірісінің 28,8%-ке, оның ішінде автомобиль жасаудың – 40,1% және электр жабдықтарын жасаудың – 34,9% өсуі тіркелді, — деді ұлттық экономика министрі.
Сонымен қатар азық-түлік өндірісі – 5,3%-ке, мұнай өңдеу өнімдері – 1,9%-ке, құрылыс материалдары – 4,4%-ке, сусындар өндірісі – 6,6%-ке, пластмасса бұйымдары – 7,8%-ке, жеңіл өнеркәсібі – 24%-ке өсті.
Тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,7%-ке жоғарлады. Бұл ретте мұнай өндіру – 5,6%-ке, газ өндіру – 2,5%-ке, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 17,4%-ке, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 3,2%-ке өсті. Металл кендерін өндіру – 0,2%-ке, көмір өндіру – 8,1%-ке төмендеді.
Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,3%-ке ұлғайды. 19 өңірде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Жетісу, Абай, Қызылорда және Жамбыл облыстарында байқалды.
Биылғы қаңтар-маусымда 7,4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ке жоғары. Тұрғын үйді пайдалануға берудің ең жоғары көрсеткіштері Алматы, Шымкент қалаларында, сонымен қатар Ұлытау және Абай облыстарында байқалды, — деді Әлібек Қуантыров.