«Орталық Азия өзендері – аймаққа ортақ игілік»

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзбек лидері Шавкат Мирзиеевпен келіссөз кезінде су-энергетика мәселелеріне айрықша мән берілгенін айтты.

«Орталық Азияның трансшекаралық өзендері ортақ игілік екенін тағы да растадық. Біз бауырлас елдердің суды пайдалану жөніндегі ойларына толық түсіністікпен қараймыз және бұл іске аталған өзендердің төмен жағындағы елдердің мүддесіне нұқсан келтірмей қатысуға дайынбыз. Бұл суға миллиондаған адамның тағдыры тәуелді. Аймақтағы тұрақтылық, аман-саулық, тиісінше арамыздағы достық қарым-қатынас пен сенімнің нығаюы осы суға байланысты. Сондықтан оны ақылмен пайдалану қажет» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев екеуара келіссөз кезінде трансшекаралық өзендерде жаңа гидротехникалық құрылыстар салу мәселесі талқыланғанын айтты. «Мұндай іс-әрекеттер өзге де мүдделі мемлекеттердің мүдделеріне нұқсан келтірмейтін конструктивті көзқарас пен компромисс негізінде және халықаралық су құқының жалпылай мойындалған нормаларына сәйкес жасалуы тиіс. Бұл тұрғыда біз БҰҰ-ның Әмудария мен Сырдарияның су ресурстарын рационал әрі әділ пайдалану жөнінде халықаралық келісім жасау жөніндегі бастамасын қолдаймыз» деді Мирзиеев.

Өзбекстан Президентінің сапары аясында мынадай бірнеше құжат қабылданды:

· Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік пен тату көршілікті бекітуді одан әрі тереңдету жөніндегі декларация;

· Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасында аймақаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі келісім;

· 2017-2019 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық стратегиясы;

· Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Өзбекстан Республикасы Үкіметі арасындағы табыс пен мүлікке қос салық салуға жол бермеу жөніндегі келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;

· 2006 жылғы 20 наурыздағы халықаралық авткөлік қатынасы туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;

Дереккөзegemen.kz