Елімізде диплом QR-кодпен беріле бастады

Биылдан бастап мектеп пен колледж дипломдарына QR-код басылады. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігі хабарлады.

QR-код арқылы түлектің өзі немесе жұмыс беруші дипломның түпнұсқалығын тексере алады. Оны сканерлеу кезінде құжат деректемелері көрсетілетін мемлекеттік интернет-ресурсқа сілтеме шығады. Сол түлектің аты-жөні, білім беру ұйымының атауы, түскен/бітірген жылы, мамандығы мен біліктілігінің атауы, оқыту нысаны, дипломның сериясы мен нөмірі көрсетілген, — делінген хабарламада.

Бұдан бөлек 6 шілдеден бастап биылғы колледж дипломдарының электрон нұсқасы eGov порталы мен eGov mobile қолданбасында, сонымен қатар екінші деңгейдегі банктердің қолданбасында қолжетімді болады.

Осылайша, түлектер eGov Mobile қолданбасы арқылы QR-кодпен барлық ақпаратты ұйымдар мен жеке тұлғаларға цифрлық түрде жібере алады. Мұндай тәжірибе жоғары оқу орындарын бітіргені туралы диплом беру кезінде қолданылып келеді. Биыл 140 мыңнан астам колледждер түлектері QR-коды бар диплом алады, — делінген хабарламада.