Елімізде 300-ден астам колледж аттестаттаудан өтпеді

Қазақстанда 300-ден астам колледж аттестаттаудан өтпеді. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті хабарлады.

Мемлекеттік аттестаттауға дайындық кезеңінде 219 колледж 624 мамандық бойынша 780 біліктілік лицензияларын қайтарды. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында жекеменшік колледж жабылды.

Биыл еліміздегі 519 колледжде мемлекеттік аттестаттау өтті. Аттестаттау нәтижесі бойынша Алматы, Астана қалаласы, Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Шығыс Қазақстан және Ұлытау, Абай облыстарының техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында көрсеткіштер жоғары. Ел бойынша 300-ден астам колледж аттестаттаудан өтпеді. Олардың басым көпшілігі Шымкент қаласы мен Павлодар, Қызылорда облыстарында. Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Ақмола және Ақтөбе облыстарында да көрсеткіш төмен.

Бақылау шаралары басталмас бұрын ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мемлекеттік аттестаттау техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы бірқатар проблеманы анықтап берді. Қазір Астана қаласы, Алматы, Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы тоғыз жекеменшік колледждің қолданыстағы лицензиясы мен білім беру қызметін жүзеге асыруға арналған лицензияның қосымшаларын қайтару жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл колледждер білім беру қызметін жүргізбейді. Сонымен бірге лицензиясының қосымшасы болмаса да білім берген 10 колледж анықталды, — дейді комитет төрағасы Ернұр Дауенов.

Талдау қорытындысы бойынша жұмыс жоспарлары, оқу жоспарының пәндері мен модульдері бойынша оқу бағдарламалары, өндірістік оқыту мен кәсіптік тәжірибеден өту, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттың талаптарына сәйкес келмейтін базалық, кәсіптік модульдерді оқыту бойынша заңбұзушылықтар анықталды.