Мемлекет басшысы Юрий Пяны қабылдады

Мемлекет басшысы University Medical Center корпоративтік қорының басқарма төрағасы Юрий Пяны қабылдады. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Президентке University Medical Center корпоративтік қоры қызметінің нәтижесі мен алдағы жоспары туралы баяндалды. Мемлекет басшысына мекеме негізінде алғашқы Интеграцияланған академиялық медициналық орталық құру арқылы UMC-ді трансформациялау барысы туралы мәлімет берілді. Негізгі мақсат – білім беру, зерттеу ісін және клиникалық тәжірибені тоғыстыра отырып, медициналық қызмет сапасын жақсарту.

Юрий Пя Қасым-Жомарт Тоқаевқа заман талабына сай дәрігерлерді даярлау үшін Қордың жүзеге асырып жатқан шаралары туралы айтты. Сонымен қатар еліміздегі медициналық білім беру ісін жетілдіру перспективалары туралы көзқарасын жеткізді.

Кездесуде отандық денсаулық сақтау жүйесінің түйткілді мәселелері, соның ішінде қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді пайдалану және Қазақстанда медициналық көмек көрсету сапасын арттыру шаралары талқыланды.