АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Кэролайн Сэвидж қызметін тоқтатқалы жатыр. Қазір ол отбасымен бірге АҚШ-қа, Уошиңтонға оралуға дайындалып жүр. Кэролайн Сэвидждің қызметін екі жылға жетпей аяқтауының себебі не? Ол Қазақстандағы соңғы күндерін қалай өткізіп жатыр? Дипломат Baribar.kz порталына берген экслюзив сұхбатында осы жөнінде айтып берді.

— Кэролайн ханым, араға бір жылға жуық уақыт салып өзіңізбен қайта жүздесіп отырғанымызға қуаныштымыз. Үстіңіздегі әдемі шапанды көріп сүйсініп отырмыз. Бұл сыйлық па, әлде өзіңіз сатып алдыңыз ба?

— Сұрағыңызға рақмет! Бұл шапан маған өте ыстық, қымбат. Мұны былтыр Астанаға барған сапарымда сатып алдым. Жаңа жыл қарсаңында Қазақстандағы АҚШ елшілігі қолөнершілердің басын қосып, жәрмеңке өткізген еді. Сол кезде аралап жүріп, осы әдемі шапанға көзім түсті, қатты ұнаттым. Қолөнершіден «Ешкімге сатпай қоя тұрыңызшы» деп өтіндім. Ақша тауып, дереу сатып алдым.

Ол бұл шапанды өз қолымен тіккен екен. Мұны өмір бойы бағалап киемін. Мұндағы түстер бір-бірімен сондай үйлесіп тұрғандықтан, оның үстіне Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрінің символы болғандықтан, бірден сатып алғым келді.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Бұл шапанды көбіне қай кезде киесіз?

— Бұған дейін Алматыдағы іс-шараларда және Қазақстанның оңтүстігіне барған бірнеше сапарымда кидім. Жуырда Уошиңтонға көшкен соң Қазақстанның сондағы елшілігі және өзге де қазақ этникалық қоғамдастығы шақырған іс-шараларға да киіп барғым келеді.

Бұған қоса АҚШ-тағы достарыммен бас қосқан кезде бұл шапан Қазақстанға деген махаббатымды көрсетіп, осы елдің мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттауға көмектеседі деп үміттенемін.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Уошиңтонға кеткелі жатырсыз ба?

— Иә, жуырда АҚШ-қа ораламын.

— Алматыдағы бас консул қызметіне тағайындалғаныңызға екі жыл болды. Ертерек  кетуіңізге не себеп болды?

— Иә, Қазақстанда тағы бір жыл қалуым керек еді, бірақ отбасылық жағдайыма, нақтырақ айтқанда, ұлымның денсаулығына байланысты бір жыл ертерек кетуіме тура келіп тұр. Бұл бәріміз үшін өте қиын шешім болды. Өйткені Алматыда өмір сүру, жұмыс істеу, қыдыру, адамдармен кездесіп, әңгімелесу бізге керемет әсер сыйлады, баға жетпес тәжірибе болды.

Алайда сіздерге айтар жақсы жаңалығым бар! Менің орныма келетін бас консул — Мишель Еркін Қазақстанға жетуді тағатсыздана күтіп жүр. Мишель ханым бұрын Қазақстанда, Алматыда жұмыс істеген және қазақ тілін сегіз-тоғыз айдан бері үйреніп жүр, орысша да тамаша сөйлейді. Тегінен де байқаған боларсыз, оның күйеуі қазақ.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Былтырғы сұхбатыңызда Қазақстанға келерден бұрын бұл елден көп үміт күткеніңізді айтып едіңіз…

— Бұл аймақты бұрыннан біліп, келгім кеп жүретін. 1990 жылдары алғаш рет алмасу бағдарламасы бойынша Шығыс Сібірдегі Якутск қаласына бардым. Университте оқып жүргеннен бастап Орталық Азияны зерттедім. 2010 жылы Қырғызстанға бір рет келудің сәті түсті, ол сапар да көңілімнен шықты. Сол себепті Қазақстанға келер алдында мұны отбасыммен бірге талқылап, осы шешімді қуана-қуана қабылдадық.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Алматының сондай ғажап қала екенін бұрыннан естіп-біліп жүрдік. Алайда осы жерде тұрып көрген екі жылға жуық уақыт ішінде бұл қаладан алған әсеріміз одан да асып түсті деп сеніммен айта аламын. Қаланың өзі өте әсем, ал таңғажайып табиғаты бір төбе.

Осындағы жұмысымның арқасында бұл елдің шынымен өзгеріп, дамығанын қалайтын адамдармен — журналистермен, студенттермен, кәсіпкерлермен, шығармашылық өкілдерімен, белсенділермен кездестім. Өзімді тарихи тұрғыдан маңызды кезеңге, нақтырақ айтқанда, азаматтардың өзгеріске, ұлттық бірегейлікке ұмтыла бастаған сәтіне куә болғаным үшін бақытты сезінемін.

Шынымен бұл екі жыл қызық сәттерге, оқиғаларға толы болды. Пандемия бәсеңдеген соң Қазақстанды көбірек араладым, әсіресе, елдің оңтүстігіне жиі саяхаттадым. Тамаша адамдарды кезіктірдім, бұл менің тәжірибемді де байыта түсті.

АҚШ Қазақстан Америка
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Дәл қазір немен айналысып жатырсыз? Аяқталмай қалған істеріңіз бар ма?

— Өте жақсы сұрақ екен. Кетуіме екі аптадай уақыт қалды. Осы аз уақыт ішінде жеке және қызметіме байланысты жұмыстарды да істеп үлгеруге тиіспін. Көп идеям мен жоспарым бар, оларды іске асыруға асықпын.

Жуырда Қазақстанға АҚШ-тың сауда делегациясы келді. Делегация 2020 жылы АҚШ-Қазақстан іскерлік кеңесі құрылғаннан кейін алғаш рет бұл елге табан тіреді. Олар Алматы мен Астанада болды. Алдыңғы аптада осы үйдегі бақшада Pride month (Мақтаныш айы) дейтін іс-шараны өткіздік. Азаматтық қоғам өкілдерін, белсенділерді жинап, осы мерекені атап өттік.

Ал осы аптада Алматыға C5+1 делегациясының хатшылығы алғаш рет келіп, бетпе-бет кездесу өткізеді. Бұған дейін тек онлайн жүздесіп келген еді. Бұл Орталық Азияның бес елі мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың негізгі алаңы болады.

Мен асыға күтетін іс-шараның бірі — Go Viral фестивалі. Бұл іс-шара алғаш рет Астанада 23-24 маусымда өтпекші. Командамыз биылғы фестивальді естен кетпестей етіп өткізу үшін барын салып, жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, бұл фестиваль мәдениет, медиа, бизнес және технология саласының өкілдерін біріктіріп, олардың дами түсуіне, жаңа тәжірибе жинауына мүмкіндік береді. Go Viral фестивалі 2017 жылдан бері жеті мыңнан астам адамның басын қосқанын мақтанышпен айтамын.

Міне, сұхбатымызға мысығым — Иван да қосылды. Біз оны теңіз жаяу әскерлерінің үйіне жаяу бара жатқанда көшеден кезіктіріп қалдық. Ол кезде Иван әлі кішкентай еді. Біз әуеліде оған жай ғана тамақ беріп жүрдік. Кейін оның үйі жоқ екенін білдік, мұны дүкенші де айтты. Осылайша, біз Иванды, оның бауыры мен енесін де қосып үйге кіргізіп, асырап алдық.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидждің мысығы — Иван. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Сіз АҚШ-қа көшкенде Иван мен оның отбасы осында қала ма?

— Иван мен оның бауыры Рокки бізбен бірге АҚШ-қа барады. Вакцинаның бәрін салғызды. Құжаттары дайын. Екеуін де ұзақ сапарға әзірлеп жатырмыз.

Осы үйде көп іс-шара өтеді ғой, бәріне қатысады. Жуырда осында бір кездесу болды, сол кезде Иван самалжайдың төбесінен секіріп түсті, кейін түк болмағандай қонақтардың арасына кіріп кетті, сол кезде бәрі таңғалып қалды.

Кэролайн Сэвидж
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақстандағы екі жыл ішінде өзім осы күні қатты қадірлейтін адамдармен таныстым. Олардың көпшілігі осы үйде қонақ болды. Алдыңғы аптада азаматтық қоғам белсенділерімен кездескенде де, өзімнің кеткелі жатқанымды айттым.

Осы айдың соңына қарай АҚШ-тың азаттық алған күнін тойлаймыз. Бұл іс-шараға да біраз кісіні шақырып қойдық. Қолыңыз бос болса, сізді де осы іс-шараға шақырамын. Мысығым Иван да болады, бірақ ол өзі қалаған шараға ғана қатысады, сондықтан оны мәжбүрлей алмаймыз.

Ешкіммен қоштаспаймын, тек «Келесі кездескенше!» деп айтқым келеді. Мұндағы достарыма, әріптестеріме Уошиңтондағы үйімнің де есігі әрдайым ашық және оларды әрдайым қуана қарсы аламын.

— АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм жуырда берген сұхбатында америкалықтар мен қазақстандықтардың ұқсас тұстарын айтып еді. Ол екі ел халқы да балаларының жетістікке жеткенін көруді армандайтынын, тұрақты табысы болып, дастарханда үнемі ішетін асы болғанын қалайтынын айтты. Елші мырза мұны «Дүниежүзі халықтарына ортақ қасиет болуы да мүмкін» деді. Ал өзіңіз америкалықтар мен қазақстандықтардың өмір сүру салтында қандай ұқсастықтарды байқай алдыңыз?

— Қазақстанға келгенге дейін Уошиңтондағы Жоржтаун университетінде сабақ бердім. Сол кезде америкалық жастардың қалай өмір сүретінін, не ойлайтынын, нені армандайтынын біліп үлгердім деп ойлаймын. Қазақстанда да университеттерді, мектептерді көп араладым. Кейбір нәрсені тәжірибеме сүйеніп те айта аламын.

Қазақстанда көп уақыт тұрып үлгерген жоқпын, оның үстіне қазақтардың бұрын қандай болғаны туралы тарихи көзқарасым толық қалыптаспаған. Алайда америкалық та, қазақстандық та жастар өте белсенді екенін айта аламын. Қоғамда проблемаларды талқылап, саяси мәселелерге, өзгерістерге атсалысады.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Ninety one тобы туралы сұрамай кетпеу мүмкін емес. Топ мүшелерімен жиі кездесіп тұрасыз, олар да сізді жақын досындай көретін сияқты. Топ туралы қайдан естіп-біліп едіңіз? Ninety one сізді несімен баурап алды?

— Біріншіден, өзімді осы елге келгенге дейін қазақ тілін толық меңгерген АҚШ-тың Қазақстандағы алғашқы бас консулы екенімді мақтан тұтамын. Бұл — мен үшін үлкен мәртебе. Уошиңтонда қазақ тілін оқып жүрген кезде Ninety one тобы туралы естідім, сол кезден бастап олардың әнін тыңдай бастадым.

Бұл топтың тілді, мәдениетті музыка арқылы насихаттап, танытқанына тәнті болдым. Өз басым мұны жоғары бағалаймын. Мүмкін өзіңіз де естіген боларсыз, Fulbright English Teaching Assistant бағдарламасы бойынша Қазақстанға келген америкалық Эван Аллен де қазақшаны Ninety one әндері арқылы үйреніп жүр. Оның осы топтың концертінде ән айтып, билеп тұрған видеосы әлеуметтік желіде тарап, БАҚ та ол туралы жарыса жазды. Эванның Ninety one тобымен кездесуіне мүмкіндік жасағымыз келді, ақырында оның арманы орындалып, жуырда топ мүшелерімен жолықты.

Бұған қоса суретші Сәуле Сүлейменованы да ерекше айтып өткім келеді. Ол да қазақтың тарихы мен мәдениетін суреті арқылы танытып жүр. Сәуле Сүлейменова өзінің полиэтилен пакетпен салған «Қазақ шежіресі» дейтін жұмысында маңызды тарихи кезеңдер мен сәттерді, қазіргі мәселелерді асқан шеберлікпен суреттеген. Оның студиясына барған сайын қазақ қоғамының бұрын байқамаған тұстарын аңғарып жатқандаймын. Жуырда Алматыда Сәуленің көрмесі өтті. Оның туындылары Қазақстан қоғамы үшін маңызды деп білемін.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Уошиңтонға барған соң қазақшаңызды ұмытып қалмайсыз ба?

— Қазақша әрі қарай да сөйлей беремін. Өйткені АҚШ-қа бізбен бірге балаларымның күтушісі де барады. Ол кісі қазақ, жуырда ғана визасын алды. Бізбен бірге баратынына және АҚШ-та да онымен қазақша сөйлесе алатыныма қуанып жүрмін.

Сонымен бірге Уошиңтонда Абай орталығы бар. Бұл — Жорж Уошиңтон университеті мен АҚШ-тағы Қазақстан елшілігінің бірлескен жобасы. Сонда жиі барып, қазақшамды одан әрі жетілдіре беремін деп жоспарлап отырмын.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Дәл қазір қимастық сезімі бар ма? АҚШ-қа Қазақстанды еске түсіретіндей өзіңізбен бірге қандай кәдесый аласыз?

— Әрине, Иван мен Рокки! Олар осында жүріп тапқан менің баға жетпес достарым. Мысықтарыммен бірге қазақтың ұлттық киімдерін әкетемін. Өзіңіз көрген шапаным бар, содан кейін қамзолым да бар. Ол қамзолды Бота Зейнелхан деген әйел тігіп берді. Бұған қоса қазақы нақыштағы әшекей бұйымдарым да көп. Бәрін алып кетемін.

Әрине, Қазақстанды қимай кетіп бара жатырмын. Бұл елді сағынарым сөзсіз. Қазақстанда әріптес, дос болған адамдарды сағынамын. Дегенмен Уошиңтон — адамдар жиі ұшырасып, кездесіп қалатын қала. Сондықтан мұндағы достарымды, әріптестерімді ол жақта да кездестіріп, қонақ қылып, әңгімелесемін деп үміттемін.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Кэролайн ханым, өзіңізбен бірге Алматыдағы сүйікті орныңыз — Медеуге еріп келдік. Бұл жер несімен ұнайды? Медеуге қаншалық жиі келесіз?

— Мұнда мүмкіндік болған сайын келе береміз. Отбасымызбен Алматыдағы қысты жақсы көреміз, ал балаларым  әсіресе коньки тепкенді жаны сүйеді. Өзім АҚШ-тың солтүстік бөлігіндегі Висконсин штатында туып-өстім, онда да қыс өте ұзақ болады. Сол себепті қысқы спортпен өзім де айналысамын, бұл – өмірімнің үлкен бөлігі.

Медеуге аптаның соңында, демалыс және мереке күндері жиі келеміз. Балаларым мұнда коньки тебуді шындап үйренді. Бұл керемет нысан биыл 50 жылдығын тойлап жатқанына қуанамын. Бізге сырттан келген қонақтарды Шымбұлаққа, Медеуге, Ойқарағайға апардық.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Алматыдағы тағы қай жерлерге барғанды жақсы көресіз?

— Өте көп. Шымбұлақ – біздің сүйікті жерлеріміздің бірі. Үйімізге жақын болғанына қуанамыз. Қыс бойғы бүкіл демалысымызды сонда өткіздік. Балаларым қай жерде шаңғы трассасы орналасқанын, қай жерде демалуға болатынын, бір сөзбен айтқанда, Шымбұлақтың әр бұрышын жатқа біледі. Балаларымның біреуі тоғызда, біреуі алтыда. Қазақстанға көшіп келердің алдында шаңғы тебуді үйрене бастаған еді, бірақ дәл Алматыда жетілдіре түсті. Қазір екеуі де өте жақсы тебеді деп айта аламын.

Кэролайн Сэвидж
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Ал балаларыңыз жазда немен айналысады?

— Жазда Алматының өзіндегі, оның айналасындағы таңғажайып табиғатты тамашалағанды жақсы көреміз. Терренкур да үйімізге жақын орналасқан. Уақытымыз болса, күн сайын сонда барамыз.

Жуырда отбасымызбен Есік көліне бардық. Әуелі «Алтын адам» табылған жерде орналасқан музейді араладық, содан кейін ғана көлге көтеріліп, ол жерде керемет пикник жасадық. Бұл бір күндік саяхат болса да, керемет әсер сыйлады.

Бұған қоса Шарын шатқалына, одан кейін Көлсай көлдеріне бардық және дәл сол жерде көлге жақын орналасқан әдемі, жайлы жаңа қонақүйде тұрдық. Балаларыма Шарын шатқалы қатты ұнады. Біз онда достарымызбен бардық, олардың да менің ұл-қызыммен құрдас балалары бар, олар сол жердің әр бұрышын аралап шықты ғой.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ал Көлсайға бірнеше күнге бардық және сол әдемі көлдің айналасында ерекше серуен құрдық. Біз де қайық жалдап, онымен көлді жүзіп өттік. Естен кетпес саяхат болды. Бұл өзім туып-өскен Висконсиндегі кейбір әдемі көлді еске түсірді.

Осы демалыс күндері отбасыммен Қапшағайға баруды жоспарлап отырмыз. Өзім онда алғаш рет бармақшымын. Күйеуім мен ұлым былтыр барып қайтқан, ал өзіме биыл барудың сәті түсіп тұр.

Кэролайн Сэвидж
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

— Алдағы 5-10 жылдағы Қазақстанды қалай елестетесіз?

— АҚШ үкіметі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық реформаларын толық қолдап отыр. Бұл реформалардың іске асуы, әрине, үкіметтің де, қоғамның да қалай әрекет ететіне байланысты болмақ.

Сонымен қатар өзім кездесіп жүрген түрлі сала өкілдерінің ойы мен көтеріп жүрген мәселелерін, бастамаларын көріп, Қазақстанның болашағына оптимистік көзқараспен қараймын.

Кэролайн Сэвидж
Кэролайн Сэвидж. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақстанның ең үлкен байлығы — оның халқы. Олардың күш-қуаты, ақыл-ойы, шығармашылық қабілеттері, жаңашылық пен жасампаздыққа ұмтылысы осы елдің одан әрі дами түсуіне септігін тигізеді деп ойлаймын.

Қазақстан халқына бейбітшілік, бақыт тілеймін! Өсіп-өркендей берсін, керемет әсер сыйлайтын сәттер көп болсын дегім келеді. Амандықта жүздескенше!