Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл – Исламның тағылымы мол діни дәстүрі. Құрбан айт адамдарды мейірімді, адал, жанашыр болуға, адамзаттың бәріне құрметпен қарауға үндейді. Осы құндылықтар ұлттың рухани өрлеуіне, қоғамда жауапкершілік пен әділдік қағидаттарын орнықтыруға ықпал етеді, — деп жазды президент.
Айт күндері мұсылман қауым бір-бірін құттықтап, жақындарына амандық пен жақсылық тілейді. Шынайы көңілмен мұқтаж жандарға жәрдемдеседі. Мұның бәрі жұртшылықты жақындастырып, еліміздегі жалпыұлттық бірлікті, бейбітшілікті және келісімді нығайта түседі.
Мейірімділік, имандылық, қайырымдылық – халқымызға тән ізгі қасиеттер. Ұлық мерекенің ұлағаты жұртымыздың табиғатына етене жақын. Сондықтан бұл мейрам ұлттық салт-дәстүрімізбен біте қайнасып, бірге жасап келеді.
Баршаңыздың дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Айттан айтқа аман-есен жете берейік!