Ақтөбедегі америкалық бұрышта мейкерспейс кеңістігі ашылды

2023 жылғы 23 маусымда Қазақстандағы АҚШ елшілігі мен «Шеврон» компаниясы C.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапханасымен бірлесіп, Ақтөбедегі америкалық бұрышта жаңа мейкерспейс кеңістігін ресми ашты. Бұл туралы елшіліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтөбедегі америкалық бұрышта жаңа мейкерспейстің ашылу салтанаты аясында қызыл лентаны қиюға АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм, «Шеврон» компаниясының еуразиялық бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесс, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов қатысты.

Дэниел Розенблюм
Дэниел Розенблюм. Фото: АҚШ елшілігінің баспасөз қызметі

Мейкерспейстер Қазақстандағы STEAM саласында білім беруді қолдауда маңызды рөл атқарады, олар арқылы біз жастардың болашағына инвестиция құямыз. Осылайша бұл жастар ғылым, технология және кәсіпкерлік саласындағы көшбасшы ретінде Қазақстанның дамуының тірегіне айналады, — деді елші Дэниел Розенблюм ашылу салтанатында.

Ақтөбедегі жаңа мейкерспейс – тамаша шығармашылық зертхана. Онда баратын қонақтар 3D принтермен басып шығару, робототехника, электроника мен ғылыми тәжірибелер жасай алады. Олар әртүрлі гаджет пен материалды пайдаланып, компьютерлік бағдарламалау, металл өңдеу, дәнекерлеу сияқты қолданбалы өнер және атғы басқа тақырыптар бойынша трениңдер мен семинарларға қатыса алады.

Бұл кеңістік балаларды, жастарды және ересек адамдарды біріктіреді. Ақтөбедегі мейкерспейстің барлық бағдарламасы мен семинары көпшілікке ашық және тегін ұсынылады.

Фото: АҚШ елшілігінің баспасөз қызметі

Ақтөбедегі мейкерспейсті Қазақстандағы АҚШ елшілігі «Шеврон» компаниясының қолдауымен ашты. Ол — Алматыдағы, Астанадағы, Өскемендегі, Павлодардағы және Оралдағы мейкерспейстерден кейінгі алтыншы кеңістік.

2020 жылы Қазақстандағы АҚШ елшілігі мен «Шеврон» компаниясы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісіміне қол қойды. Ол бойынша Қазақстанның 10 қаласында жабдықталған мейкерспейс кеңістіктерін ашу жоспарланып отыр. Қазақстан жастарының ХХІ ғасырда табысқа жетуіне қажет дағдылар мен білімді дамыту — екі жақтың да ортақ мақсаты, — делінген елшілік хабарламасында.

Шараға 50-ден астам қонақ, оның ішінде мектеп оқушылары, университет студенттері, Ақтөбе облысының түкпір-түкпірінен келген жас өнертапқыштар, мектеп және университет оқытушылары, АҚШ үкіметінің алмасу бағдарламалардың түлектері, Ақтөбе облыстық білім және мәдениет басқармаларының өкілдері қатысты. 

Мейкерспейс тұжырымдамасы 2005 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында пайда болған. Мейкерспейс — адамдардың өзара шығармашылық, ізденіс және идеялар бөлісуіне арналған бірлескен кеңістік. Мейкерспейстер ғылым, технология, инженерия, өнер және математика (STEAM) саласындағы дағдыларды дамытуға және білім беруге ықпал етеді.

Ақтөбедегі мейкерспейстің мекенжайы: C.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап ғылыми кітапхана, №11шағын ауданы, 112Е, «Д» телімі.

Instagram: @american_corner_aktobe