Қазіргі таңда Egov.kz электрондық үкіметі қазақстандықтарға құжаттардың көбін онлайн алуға мүмкіндік береді. Биыл электрондық үкіметте қандай жаңа функциялар пайда болды? Олар азаматтардың жұмысының жеңілдеуіне қалай әсер етеді? Baribar.kz Egov.kz-тағы жаңа фукнциялар туралы жазды.
Шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыру
Бұл қызмет қолданушыларға шетел нөмірімен жүрген көлікті заңдастыруға мүмкіндік береді. Өтінім бойынша жеңіл автомобильдер мен микроавтобустарға мынадай талаптар қойылған:
- көлікті 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелу;
- көліктің қылмыстық белгілерінің болмауы;
- кедендік тазартудан өтуі.
Көлікті заңдастыру үшін Egov-тың басты бетіндегі «Сервистер» — «Көлік және коммуникациялар» — «Автомобиль көлігі» бөлімдеріне кіру қажет. Ал eGov Mobile қолданбасында бұл қызмет «Жүргізу және көлік» бөлімінде тұр.
EGov.kz порталында электрон өтінім беру үшін жүргізуші мына талаптарды орындауы керек:
- тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелу;
- Қазақстан Республикасы азаматы болу;
- мобильді азаматтар базасында (МАБ) тіркелген болуы;
- көліктің бұрынғы иесі туралы барлық мәліметті толтыру;
- тексеруге сұрау жіберу;
- көлікті тексеруден өткізу үшін арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында электрон кезекті броньдау.
Өтінімнің нәтижесі 15 минуттың ішінде қолданушының жеке кабинетіне хабарлама ретінде келеді.
Хабарламаны алғаннан кейін қолданушы мыналарды істеуі қажет:
- автокөлікті тексеру,
- көлік құралын тіркеу,
- 200 мың теңге мөлшерінде тіркеу алымын төлеу,
- мемлекеттік нөмір мен көлік құралының куәлігін алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығы жанындағы тексеру пункттеріне көлік құралын ұсыну.
Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және босату
Енді Қазақстан азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру, кейінге қалдыру және босату қызметі проактивті форматқа көшірілді. Бұның ең үлкен артықшылығы сол, шақыру қағазын берушілер енді құжат жинамайды.
Әскерге шақырушылған азаматтарға 1414 нөмірінен шақыру туралы SMS барады. SMS мобильді азаматтар базасына тіркелген 18-27 жас аралығындағы жігіттерге жіберіледі.
Қазіргі уақытта хабарландырулар екі мәртебе бойынша жіберіледі:
- әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру;
- әскери қызметтен босату.
Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы қызмет
Қазақстандықтар 2023 жылғы 3 наурыздан бастап соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану және тоқтату туралы өтінім бере алады.
Банкроттыққа өтінімді «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңы бойынша, eGov.kz порталында және eGov Mobile қолданбасында азаматтың өзі ғана бере алады.
Борышкер әуелі мына мәліметтерді тексеруі керек:
- банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 5,5 миллион теңгеден аспауға тиіс және төленбеген мерзімі кемінде 12 ай болуы керек;
- жеке тұлғаның атында ешқандай мүлік болмау керек;
- банктің немесе микроқаржы ұйымының шарт талаптарын өзгертуден бас тарту туралы жауабын ұсыну (банктің немесе микроқаржы ұйымының жауабы болмаса, борышкер өтінімнің көшірмесі немесе өтінімнің электрон форматта жіберілгенін растайтын қағазы керек);
- қарыз бес жылдан артық өтелмесе – жоғарыда көрсетілген барлық шарт ескерілмейді;
- АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) алушылар саналатын борышкерлер алты ай бойы осы рәсімді қолдану үшін мерзімі өтіп кеткен уақытты есепке алмай өтінім бере алады;
- мобильді азаматтар базасында (МАБ) борышкер мен жұбайының телефон нөмірінің тіркелгенін тексеруі керек.
Барлық қажет құжатсыз өтінім берудің мәні жоқ. Әуелі банктерден растайтын құжаттар алуы керек. Содан кейін ғана жеке тұлғаның банкроттығына өтінім беруге болады.
EGov.kz порталындағы басты бетіндегі «Азаматтарға» — «Кеден және салықтар» — «Экономика және қаржы» бөлімін тауып, өтінім беру керек. Ал бұл қызмет мобайл қолданбада «Арнайы қызметтер» бөлімінде тұрады.
Өтінімнің жауабы 15 жұмыс күні ішінде жеке кабинетке жіберіледі.
Оған қоса банкроттық туралы соттан тыс іс жүргізуді тоқтату туралы өтінім беруге де болады. Соттан тыс банкроттық рәсім алты айға дейінгі уақытта қаралады.
Соттан тыс банкроттыққа өтінім беру үшін мынаны істеу керек:
- жоғарыда аталған заңда көзделген азаматты банкрот деп тану туралы соттан тыс арыз беру шарттарының сақталғанын растау;
- адам некеде болса, жарының ЖСН-ін көрсету;
- несиесі бар қаржы институттары туралы мәліметтерді толтыру;
- салық органын көрсету және құжаттардың көшірмесін қосу;
- АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) алатын болса, соның тұсына белгі қою;
- міндеттемелерді орындау мерзімі бес жылдан астам болса, соның тұсына белгі қою;
- өтінімге бір реттік құпия сөз немесе ЭЦҚ (электрон цифрлы қолтаңба) арқылы қол қою;
- өтінімді жібергеннен кейін өтінім берушінің жұбайы жеке кабинетте өтінімді мақұлдайды.
Атаулы әлеуметтік көмекке өтінім беру
Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар өтінімді құжатсыз проактивті форматта бере алады.
Көмек алушыларға 1414 нөмірінен SMS хабарлама автоматты түрде жіберіледі.
Аталмыш көмекті мемлекеттік деректер базасындағы АӘК критерийлеріне сәйкес келетін азаматтар алады. Бұл былай жұмыс істейді:
- атаулы әлеуметтік көмек алуға мұқтаж – АӘК алушыға 1414 нөмірінен автоматты түрде хабарлама барады,
- АӘК алушы өзінің IBAN шотын көрсете отырып, сол хабарламаға жауап ретінде өзінің келісімін жібереді;
- жауапты алғаннан кейін eGov.kz «электрондық үкімет» порталы жәрдемақы тағайындау үшін алушы туралы мәліметтерді еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне жібереді.
Хабарламаларды мобильді азаматтар базасына тіркелген азаматтар ғана ала алады.
Қызмет көрсету мерзімі 15 күнге созылады. Ол мерзімге өтінім берілген күн кірмейді.
Оның жауабы порталдағы жеке кабинетте немесе eGov Mobile қолданбасына келеді.
Сенімхаттарды рәсімдеу
Елімізде «Цифрлық нотариат» мемлекеттік қызметі іске қосылды. Ол арқылы нотариалды түрде куәландырылған сенімхаттардың барлық түрін ресімдеу операциясын онлайн жасауға болады.
Қызметті eGov Mobile қолданбасында Enotary бөлімінен алуға болады.
Сенімхатты рәсімдеу үшін:
- Enotary сервисінен «Сервистер» қызметін таңдау керек;
- деректерді толтырып, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу керек;
- қысқа кодты немесе биометрия бойынша қызметке қол қою қажет;
- нотариуспен бейнеқоңырау шалуға рұқсат беру керек;
- «бейнеқоңырауға өту» түймесін басып, нотариустан жауап күту қажет.
Бейнеқоңырау аяқталғаннан кейін қолданушы «Нотариаттық әрекеттер» бөлімінде өтінімнің мәртебесін көре алады. EGov Mobile қолданбасында «Цифрлық құжаттар» бөліміндегі QR кодты камера арқылы сканерлеп ресми куәландырылған сенімхаттың түпнұсқалығын тексере алады.
Жаңа сенімхат «Цифрлық құжаттар» сервисінде тұрады.
«Шетелдіктің тұруына ықтиярхат» цифрлық құжаты
Қазақстанға келген шетелдік азаматтар еGov Mobile қолданбасы арқылы «Шетелдіктің тұруына ықтиярхат» құжатын ала алады.
Бұл — шетелдіктің Қазақстанда тұрақты тұруға құқылы екенін растайтын құжат. Оны алу үшін Қазақстан аумағында тұрақты тұруға рұқсат алу қажет.
Жаңа цифрлық құжатты табу үшін eGov Mobile қолданбасына тіркеліп, басты беттегі «Цифрлық құжаттар» бөліміндегі құжаттар тізімінен «Шетелдіктің тұруына ықтиярхатты» басу қажет.
Цифрлық құжатта қате болса, «Қате туралы хабарлау» батырмасын басып, тиісті мемлекеттік органға e-Otinish арқылы өтінім беруге болады.
Қандастарды қабылдауды өңірлік квотаға енгізу
Бұл функция арқылы қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдауды өңірлік квотаға енгізу үшін өтінім беруге болады.
Өңірлік квота қандастарды Ақмола, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарына қоныстандыру үшін өңірге бөледі.
Бұл қандастарға көшуге қаржылай көмек (отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК-тен біржолға төлем) және 12 ай ішінде жалдау, коммуналдық қызметтерді төлеу шығынын жабуға (бір отбасына 15АЕК-ден 30 АЕК-ге дейінгі мөлшерде) мемлекеттік қолдау беріледі.
Оған қоса этникалық қазақтарға мынадай қызметтер көрсетіледі:
- елімізге кірген кезде көлікпен қоса алғанда, жеке пайдалануға арналған мүлікке кедендік төлем төлеуден босату;
- қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарында тегін бейімделу және интеграциялық қызметтер ұсыну;
- техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің оқу орындарына түсуге квоталар аясында білім алу (Қазақстан Республикасының азаматтығы бар, ұлты қазақ адамдар үшін квота 4% мөлшерінде белгіленген);
- Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде жұмыс беру;
- мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға өтінім беру мүмкіндігі.
Ал 2023 жылғы наурыздан бастап үй сатып алу, оны салу үшін немесе ипотекалық үйдің бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде тұрғын үй құнының 50%-і немесе бір отбасына төрт миллион теңгеге дейін экономикалық сертификат енгізілді.
Квота алу үшін eGov.kz порталында «Азаматтарға» — «Азаматтық, миграция және иммиграция» бөліміне кіру керек. Ал мобайл қолданбада бұл қызмет «Қызметтер» — «Жеңілдіктер, жәрдемақылар және зейнетақылар» бөлімінде тұр.
Өтінім беру үшін қолданушыға:
- дербес деректерді пайдалануға келісімді растау;
- квота беретін аймақты таңдау;
- өтінім беруші туралы мәліметтерді толтыру;
- қазақ және орыс тілдерінде нотариалды куәландырылған аудармасы бар паспорт көшірмесін енгізу;
- неке немесе некені бұзу туралы куәліктің көшірмеін қосу (бар болса);
- белгілі бір мамандық бойынша білімін, білігін және жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттардың көшірмесін қосу;
- өтінімге бір реттік парольмен немесе ЭЦҚ (электрон цифрлық қолтаңба) арқылы қол қою.
Қызметтің нәтижесі жеке кабинетте 14 жұмыс күні ішінде пайда болады.
Автокөліктерге VIP нөмір алу
Жүргізушілер автокөлікке VIP нөміріне тапсырыс бере алады. Бұл қызметке қарапайым нөмірлер кірмейді.
Бұл фунция eGov.kz сайтында басты бетте «қызметтер» бөлімінде тұр. Ал мобайл қолданбада басты бетте «танымал қызметтер» бөлімінде тұр.
VIP нөміріне тапсырыс беру үшін мынаны істеу керек:
- Egov.kz порталына тіркелу;
- МТНБ (мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі) нөмірін іздеу. Көрсетілген нөмір бос болмаса, басқасын енгізу керек. Бос болса, бағасы АЕК-мен және теңгемен көрсетіледі.
- Облысты, ХҚКО-ны, МТНБ түрін таңдау қажет;
- төлем енгізу;
- қол қою.
Қызмет нәтижесін eGov.kz порталының мәртебе бетінен және жеке кабинеттегі хабарламадан көруге болады. Дайын нөмірді халыққа қызмет көрсету орталығынан алу керек.