Автокөлікке VIP-нөмірді онлайн таңдауға болады

Былтыр автокөлік иелері шамамен 6 миллиард теңгеге VIP-нөмірлер сатып алған. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

VIP-нөмірлерді сатып алуды қолжетімді ету үшін ІІМ оларды таңдау және брондау бойынша тиісті сервис әзірледі. Бұл сервис цифрлық даму министрлігінің Smart Bridge сервистер витринасында орналастырылған. Сервис мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған барлық интеграциялық платформаларда, оның ішінде екінші деңгейлі банктердің мобайл қосымшаларында да қолжетімді, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар азаматтарға ыңғайлы болу үшін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган осы қызметті еGov.kz электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеттерге шығару мәселесін пысықтап жатыр.

Бұл жыл сайын 20 мыңнан астам азаматқа мобайл қосымшалар арқылы, ХҚКО-ға бармай-ақ, автокөліктерді тіркеу кезінде онлайн-режимде нөмірлерді таңдауға және брондауға мүмкіндік береді. ІІМ мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру және процестердің ашықтығын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, — делінген хабарламада.