Digital Nomads қауымдастығы туралы

Бағдарлама әзірлеуші әрі қауымдастық мүшесі Едіге Радолданың сөзіне қарағанда, Digital Nomads – былтыр жазда цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен бастамашыл топ қолдап ашылған қауымдастық. Мұнда шетелде тұратын, әлемдегі алдыңғы қатарлы компанияларда жұмыс істейтін 400-ге жуық қазақстандық IT–маман бар. Қазір олар волонтер ретінде IT-әдебиетті қазақ тіліне аударып жүр.

Едіге Радолда
Едіге Радолда. Фото жеке архивінен

Қазақ баласы IT саласын ана тілінде еркін меңгере алса дейміз. Шетелде тұратын көп маман елге пайдамыз тисе екен деген мақсатпен бас қостық, — дейді Едіге Радолда.

Қандай кітаптар аударылады?

Қауымдастық әуелі жұмысын енді бастап жатқан бағдарлама әзірлейтіндерге қажет негізгі ақпараты бар кітаптарды аударады. Едіге жастарға ІТ-дің не екенін және ол айтарлықтай қиын емес екенін түсіндіру маңызды дейді. Қазір қауымдастық «Сompetetive Programmer’s Handbook» кітабын аударып жатыр.

Бұл — қарапайым әрі түсінікті тілде алгоритмдер мен кодтау негізін түсіндіретін спорттық бағдарламалау және IT туралы маңызды кітап. Қазақша сөйлейтін жастар үшін бұл — IT-технологиялар мен жаңа нәрсені үйренуге тамаша мүмкіндік, — дейді Едіге.

Қауымдастыққа жақында қосылған Мағжан Қайранбай Сингапурдағы компаниялардың бірінде машинаны үйрету инженері болып істейді. Ол жақында ғана шетел ресурстарына сүйене отырып «Машинаны үйрету» оқулығын жазып шыққан.

Мағжан Қайранбай
Мағжан Қайранбай. Фото жеке архивінен

Осы кітап арқылы халықаралық деңгейдегі Junior machine learning engineer болып шыға аласыз. Әрине, бұл үшін IT саласынан азды-көп біліміңіз болуы керек. Дегенмен Қазақстанның IT кітапханасы үшін мұның өзі — үлкен жаңалық. Біз университетте оқып жүргенде IT бойынша қазақ тілінде мүлдем ақпарат таба алмайтынбыз, — дейді Мағжан Қайранбай.

Оқулық авторы болашақта senior маман әзірлейтін кітап жазуды жоспарлап отыр. Бірақ ол, әуелі, сұраныс болуы керек дейді.

Әзірге қазақшаға аударылған кітаптар интернетке жүктеліп отырады. Оны кез келген адам тегін қолдана алады. Ал оқулықтар әуелі электрон нұсқада сатылып, кейін басып шығарылады. Алдағы уақытта осы оқулықтарды жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламасына енгізу туралы келіссөз жасауды ойластырамыз. Бірақ бірінші кезекте мұндай еңбегіміз халыққа керек екенін өзімізге дәлелдеуіміз керек. Кітапты пайдасына жарататын, қызығатын жастар көп болса, әрине, әрі қарайғы жоспар жайлы да ойланамыз, — дейді қауымдастық мүшесі.

Қауымдастық өкілдері алғашқы аударма жүктелетін арнайы сайт жақын арада іске қосылатынын айтты.

Сын

Digital Nomads қауымдастығы мүшелерінің IT-әдебиетті қазақшаға аудару бастамасын сынайтындар бар. Кейбіреулер күш пен қаражатты аудармаға жұмсағанша адамға ағылшын тілін үйрету оңайырақ деп айтады. Ал енді біреулер табысты бағдарлама әзірлейтін маман болу үшін қазақ тілі мүлдем қажет емес дейді.

Қауымдастықтың IT-ге қатысты барлық кітапты аударатын ойы жоқ, оған шамамыз жетпейді. Әзірге тек IT бойынша ең негізгі әрі бастапқы деңгей әдебиеттерін аударамыз. Ал ғылым тілі — ағылшын тілі, оған дау жоқ. Аударма арқылы жалпы IT саласына қызығушылығы оянған адам кейін ағылшын тілін үйреніп, білімін толықтыра түсемін десе, өз еркі, — дейді Едіге Радолда.

Мағжан Қайранбай сауатты мамандарды көбейту үшін әуелі қазақ тіліндегі әдебиетке көңіл бөлу керек екенін айтады. Ол кейбір ата-ана қазақша сөйлейтін балаларын болашақта IT-маман болады деп күндіз-түні ағылшын тілін оқуды талап ететінін сынады.

Бала ағылшын тілін не үшін оқып жүргенін, IT дегеннің не екенін түсінбеуі мүмкін. Сондықтан бірінші оларға сапалы аударылған ақпарат бере алуымыз керек. IT-ді түсініп, шынымен қызығып жатса, ағылшын тілін үйренуге құлшынысы да артары анық. Оның үстіне қашанға дейін ағылшын тілін үйретуге ақша құрта береміз? Ал негізгі дерегі бар әдебиетті бір жазсақ, ол бірнеше жыл маңызын жоғалтпайды. Сондықтан аудармаға күш жұмсасақ, ұтылмаймыз, — дейді ол.

Кітап аудару процесі қалай жүріп жатыр?

Бұған дейін IT-аудармалар жасалмағандықтан волонтерлар үшін кітап аудару қиын болып жатыр.

Кітап аудару ұзақ әрі қиындау болып жатыр. Бір кітапты аудару үшін кемі 3-4 ай кетуі мүмкін. Әуелі IT-мамандар аударады. Сосын тіл мамандары тексереді. Кейін IT-мамандар мазмұны мен мағынасы бұзылмағанын қайта қарап өтеді. Кейін терминдердің дұрыс-бұрысын тексереді. Бұған дейін қандай да бір термин қолданыста болмаса, жаңасын бекіту мәселесі қарастырылады. Жалпы, бас ауруы көп, — дейді Едіге Радолда.

Едіге Радолда аударма жұмыстары енді реттеліп келе жатқанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазір қауымдастық мүшелері жылдам әрі өнімдірек жұмыс істеу жайлы ойланып жатыр.

Алғашында 300 беттік кітапты бірнеше адам бөліп аударсақ, жеңілдеу болады деп ойладық. Бірақ бір кітапты жүз адам алса, соңында ол жүз түрлі стильде жазылып шығады. Мұны редактор бір ізге келтіргенше, өзі қайта аударып шыға салғаны жеңілірек. Сондықтан қазір бір кітапты аударуға тұрақты түрде уақыт бөле аламын деген волонтерларды жинауды ойлап жатырмыз. Бір кітапты аудару үшін арнайы жұмыс тобы құрылады, олар: аудармашы, техникалық қолдау, терминдер бойынша зерттеу жүргізетін адам және ақылдасу алқасы.

Осылайша, қауымдастық мүшелері қазір бір кітап аясында 5-10 адамнан топтасып жұмыс істеп жатыр.

Тағы оқыңыз: IT-маман: ChatGPT мамандарды жұмыссыз қалдыруы мүмкін