Аида Балаева: Журналистер «фактчекинг» талабын үнемі есте ұстауы қажет

Елордада өтіп жатқан қазақтілді контент жасаушылардың дәстүрлі форумында Аида Балаева «инфодемия» мәселесін қозғады.

Бүгінгі ғаламдық цифрландыру заманында интернет әлемдік дәстүрлі медианың өзгеруіне зор ықпал етіп жатқаны белгілі. Бұл әсіресе, былтыр орын алған пандемия кезінде айқын білінді. Түрлі әлеуметтік желілер, WhatsApp, Telegram-арналар, YouTube пен Тik-Ток қосымшалардан тараған жалған ақпараттардан қоғамда «инфодемия» мәселесі өзекті тақырыпқа айналды. Сондықтан біз дер кезінде шешім қабылдап, Stopfake.kz порталын іске қостық. Қазақ және орыс тілдерінде хабар тарататын сайт бүгінге дейін қоғамды әбігерге салған 2 мыңға жуық фейк ақпаратты жоққа шығарды. Кейінгі аптадағы сайттың қаралымы 66 мыңнан асады. Бұл орайда, бүгінгі журналистер «фактчекинг» талабын үнемі есте ұстауы қажет», деді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, интернет сайттардың міндеті тек ақпарат беру емес. Интернет – жалпы қоғамдық пікір қалыптастыратын ықпалды құрал.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы өнім сапасына қатысты көкейтесті мәселелер бірінші кезекте тілшілер қауымының – журналистің білім-білігіне байланысты екені түсінікті. Бұл бүгінде еліміздегі қазақ және орыстілді медиаға ортақ талап. Бұл орайда, біздің министрлік тілшілердің білімін көтеріп, әсіресе салалық журналистиканың дамуына арналған кешенді жұмыстарды қолға алды. Бүгінге дейін медицина, дін, экология салалары бойынша 4 мыңнан астам журналист арнайы оқыту курстарынан өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жүйелі жалғасатын болады, – деді министр.