Басты бетЖаңалықтарҮлкен Алматы...

Үлкен Алматы айналма жолы пайдалануға берілді

Қазақстандағы ірі жол-көлік инфрақұрылымдарының бірі – Үлкен Алматы айналма жолы пайдалануға берілді. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.

Көлік жүргізушілері жаңа жолдың үстімен жүріп, оның артықшылықтарын бағамдап көрді. Айналма жол ел тарихындағы алғашқы концессиялық жоба саналады. Оның құрылысы үш жыл бұрын түрік-корея консорциумының негізінде қолға алынып, жоспарға сәйкес 2024 жылы қолданысқа берілуі керек еді. Қарқынды жұмыстардың арқасында бұл нысан мерзімінен бұрын тапсырылып отыр.

ИИДМ автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллиннің айтуынша, автожол мегаполис көшелеріндегі және қала маңындағы кептелісті азайтып, экологиялық жағдайды жақсартады.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, жаңа жол-көлік инфрақұрылымы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін жақсартып, халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді.

ИИМД
Фото: ҚР ИИМД

Айналма жол мемлекет-жекешелік әріптестік аясында салынған еліміздегі маңызды инвестициялық жобалардың бірі. Ол тұтастай өңірдің экономикалық дамуына серпін беретін Батыс Қытай – Батыс Еуропа транзиттік дәлізінің негізгі тармағы саналады. Осы жол облысымыздың дамуына әсер беріп, инвестициялық және туристік әлеуетті арттырады деген сенімдеміз, — деді Марат Сұлтанғазиев.

Ресми бөлімнен кейін жаңа жолдың бойымен бірнеше көлік жүріп өтті. Атап айтқанда, Үлкен Алматы айналма жолы белгілері бар 10 ауыр жүк көлігі, 10 автобус және жеңіл автокөліктер Қаскелең қаласына дейін жол тартты.