Министрлік Абай облысындағы өртті сөндіру жұмысы туралы айтты

Төтенше жағдайлар министрлігі Абай ауданындағы өртті сөндіру туралы айтты.

Министрлік қазіргі уақытта елдімекендерге қауіп төніп тұрған жоқ екенін мәлімдеді. Ормандағы өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдар мен қорғаныс министрлігінен 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық техника жұмылдырылған. Оқиға орнында төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов жүр.

Ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалана отырып, аэровизуалды барлау нәтижелері бойынша өрт Каштак орманынан Семей қаласына қарай бағыт алып, жоғары өрбігені байқалады. Жедел іс-қимылдар мен уақытылы қабылданған шаралардың арқасында өрттің елдімекендерге таралуына тосқауыл қойылды. Өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгуді жүзеге асыру үшін тікұшақтар тартылды. Кейінгі тәулікте өрт ошақтарына әуеден 546 рет су төгілді, жалпы көлемі 1 500 тоннадан астам. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 1 323 рет су төгілді, жалпы көлемі 4 000 тоннаға жуық, — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытқа дейін жедел желіге 150 қоңырау түсті. ТЖД жедел желі телефоны: 8 722 235 38 31.

Еске салайық, Семей орманындағы өрт 8 маусымда тұтанды. Өрт 60 мың гектардан астам алқапты шарпып, 14 адамның өмірін жалмады.

9 маусымда өрттің аумағы 20 мың гектарға жетті. От ошағына жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындары эвакуациялана бастады. Семейде орман өртіне байланысты төтенше жағдай жарияланды.

10 маусымда өртті сөндіруге төтенше жағдайлар министрлігінен, орман шаруашылығы комитетінен, ЖАО және қорғаныс министрлігінен 1 000-нан астам адам, шамамен 252 техника жұмылдырылды.

11 маусымда мемлекет басшысы Абай облысына барып, қаза болған қызметкерлердің туыстарымен кездесті. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жарияланды.

Абай облысында төтенше жағдай кезінде қаза болғандар «Құрмет» медалімен марапатталды.

Мемлекет басшысы Семейде орманшылардың отбасы-жақындарымен кездесуде 12 маусым елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын жеткізді.

12 маусымда Абай облысындағы өрт бойынша қылмыстық іс қозғалды.

13 маусымда өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінді.