Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унверситетінде Ислам ынтымақтастығы ұйымы министрлерінің бірінші кездесуі өтіп жатыр. Мұсылман әлеміндегі беделді ұйымның ресми өкілдерін ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қарсы алды. Қонақтар университеттің ғылыми инфрақұрылымымен, жас зерттеушілердің ғылыми жобаларымен танысты.
Қонақтар ҚазҰУ музейі мен жағдаяттық басқару орталығын аралап, дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығына барды. Орталық директоры Жанар Жеңіс өндірістің негізгі мақсаты Қазақстанда өсетін дәрілік өсімдіктерді зерттеу екенін айтып, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.
Орталық соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Қазіргі таңда өндірісте тұмау мен бауыр ауруларынан сақтайтын және иммунитетті көтеретін, коронавирус инфекциясына қарсы биологиялық белсенді қоспалар дайындалады. Сонымен қатар қант диабетін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартатын, иммунитетті көтеретін фито-шайлар өндіріледі.
Бұдан соң министрлерді процестік инновациялар орталығында қонақтарды директор Әмірхан Темірбаев қарсы алып, инжиниринг және жоғары технологиялар кластері мен жерді қашықтықтан зондтау орталығының тыныс-тіршілігін көрсетті.
ҚазҰУ-дың жерді қашықтықтан зондтау орталығында геоақпараттық жүйелер және ғарыштық суреттер негізінде әртүрлі салаларға арналған геоөнімдер дайындалады. Алынған мәліметтерді қолдану арқылы түрлі талдау жұмыстары жүргізіледі.
Бұған қоса Ислам ынтымақтастығы ұйымының министрлері ҚазҰУ технологиялық паркінде болып, Әл-Фараби кітапханасында ұйымдастырылған ҚазҰУ мен өзге де жоғары оқу орындарының ғылыми жетістіктер көрмесін тамашалады.
Университетте ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген 100-ден астам инновациялық жоба бар. Оқу ордасында 16 факультет, 8 ғылыми-зерттеу институты, 29 ғылыми орталық пен Ғылыми-технологиялық паркі жұмыс істейді.
Ректор Жансейіт Түймебаев делегация мүшелеріне ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ кезеңі жоспарымен таныстырып, жатақхана, оқу корпустары мен қызметтік тұрғын үйлер жобасын көрсетті.