Бәріміздің ішімізде бір бала бар. Кейде қарбалас өмірден тынығу үшін балаша сергісек дейміз, әсіресе компьютер ойынын ойнағанды ұнатамыз. Сол себепті ASUS компаниясы балаға да, ересекке де арналған ROG Ally протативті ойын консолін шығарды. Оның ерекшелігі неде? Құрылғымен бірге танысайық.

Алматы тұрғыны Мағжан Есімбеков арнайы техника сататын жеке компанияда жұмыс істейді. Жасы 30-да, екі баланың әкесі. Таңнан кешке дейін жұмыста жүрсе, кешке отбасымен бірге уақыт өткізеді. Дегенмен кейде оңаша қалып, ойын ойнап, бір сәт демалғысы келеді.

Бұрын достарыммен бірге компьютер клубына барып ойнайтынмын. Қазір оған уақыт жоқ. Жұмыс, бала-шаға бар дегендей. Десе де өзімнің сүйікті ойындарымды ұялы телефоныма жүктеп алғанмын. Арасында бір-екі сағат ойнап тұрамын, — дейді Мағжан.

Сырт көрінісі

Мағжанның компьютер клубына баруға уақыт таппай жүргенін білгендей, оның үйіне ROG Ally ойын консолі топ ете түсті. Мағжан құрылғыны көргенде бала күніне оралғандай болғанын айтады.

Кішкентайымда Sega, Dendy ойнайтынмын. ROG Ally-ді көргенде cолар бірден есіме түсті. Құрылғыны көре салғанда ең бірінші «Охо, мықты сияқты» деп ойладым, — дейді Мағжан.

Әзірлеушілер консольді X-Box джойстигіне ұқсатып жасаған. Сондықтан оны ойнап жүргендер бұл құрылғыны қолдануды тез үйреніп алады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/ Baribar.kz

Салмағы мен пішіні

ASUS-тың әр құрылғысына шолу жасағанымызда олардың салмағы жеңіл екеніне таңырқай қараймыз. Дегенмен бұл жолғы ROG Ally бәрінен асып түсті. Себебі оның салмағы — небәрі 608 грамм. Сағаттап ойын ойнасаң да, қолың талып кетпейді. Жеңіл әрі шағын құрылғымен кез келген жерде отырып та, жатып та ойнауға болады. Енді компьютер алдында тік отырудың қажеті шамалы.

Мағжан Есімбеков. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Мағжан Есімбеков. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Консольді кез келген жерге өзіңмен бірге тасып жүрген, қолданған ыңғайлы. Мәселен, Мағжан Алматының шетіндегі Көксай деген ауылда тұрады. Үй мен жұмыс арасында біраз кептеліске тап болады. Оған қоса кешке жұбайын жұмыстан, балаларын балабақшадан күтіп қалады. Сөйтіп кептеліс уағында жанынан табылатын ROG Ally-ден ойын ойнап не видео көре алады, себебі ноутбуктан да кішкентай құрылғы көліктің ішінен көп орын алмайды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Windows 11 бағдарламасы мен дисплейі

Мағжанды және бізді ерекше таңғалдырғаны — ойын консолінде Windows 11 бағдарламасының орнатылғаны. Кішкентай құрылғының үп-үлкен экраны бар. Өзі кәдімгі ноутбук немесе компьютер сияқты. Оған қоса экраны сенсор.

Дисплейі жоғары деңгейде. Кішкентай болса да, бәрі анық әрі қанық көрінеді. Сенсоры жақсы жұмыс істейді екен. Саусақты жақсы сезеді, — дейді ол.

Иә, Мағжан дұрыс байқап отыр. Себебі оның диагоналі — 7 дюйм, бейнені 1920 x 1080 форматта көрсетеді, оған қоса IPS матрицасы бар. Жиілігі — 120 Гц, жарығының шегі — 500 кд/м2. Сенсоры өте жылдам істейді. Оған қоса қауіпсіздік шарасы да қарастырылған. Құрылғыны иесінің саусақ ізі арқылы ғана ашылатындай етуге болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Батырмалары

ROG Ally-дің бірнеше батырмаcы бар: джойстиктікіне қатты ұқсайды, дегенмен батырмаларды тек ойында емес, Windows-пен жұмыс істегенде де қолдануға болады.

Мысалы, оң жағындағы триггер батырмасы тышқанның қызметін атқарады екен, — дейді ол.

ROG Ally-дің ішкі функциясы да жип-жинақы. Мысалы, ойынның бәрі бір жерде топтастырылған. Ал онда Armoury Crate деген бір-ақ батырманы басып кіру мүмкіндігі бар.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Жады

ROG Ally-дің процессоры — AMD Ryzen Z1 Extreme, оператив жады — 16 ГБ LPDDR5, ал пайдалануға болатын жады — 512 ГБ SSD NVMe. Бұл дегеніміз құрылғы ноутбук пен компьютерге ғана жүктелетін «салмағы ауыр ойындарды көтереді» деген сөз.

Көбіне PUBG-ді ойнаймын. Ұялы телефонға оның 1,5-3 гегабайттық нұсқасы жүктеледі, ал ноутбук пен компьютердегі нұсқасының салмағы — 90-100 ГБ. ROG Ally-ге салмағы ауырды, яғни сапалысын көшіруге болады екен, — дейді ол.

Сонымен қатар ROG Ally арқылы Asphalt, Apex, Өрмекші адам, Mortal Kombat 11, Marvel’sGuardiansof the Galaxy сияқты көпшілік арасында танымал ойындарды ойнауға болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Мағжанның балалары кішкентай: бірі төртте, енді бірі екі жаста ғана. Олар кішкентай болса да, техниканың тілін жап-жақсы біліп тұр. Мағжан балаларына ұялы телефонды ұзақ қолдануға рұқсат етпесе де, кейде көңілін қалдырмай, ойнатады екен.

Негізі ұялы телефонды басқалармен байланысу үшін, жұмыс істеу үшін қолданамыз. Ойынның тек бір-екі түрін жүктейміз. Кейде қажет уақытта телефонның жады жетпей, біраз затты, оның ішінде ойынды өшіруге тура келеді. Осындай келеңсіз жағдайларға тап болмас үшін ойын консолің болғаны абзал. Балаңның қолына консолді ұстатасың да, өзің телефонмен жұмыс істей бересің, — дейді Мағжан.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Оған қоса балалар ROG ALLY-ді тез меңгеріп алады. Себебі бір ғана батырманы басып, ойынға кіріп кете алады. Бұл бір жағынан құрылғы ішіндегі маңызды құжаттарды да аман сақтап қалады. Өйткені бала ойынды іздеп, шұқылап, қажет заттарды байқаусызда өшіріп жібермейді.

Мағжанның қызы Еркеназ. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Желдеткіші

Ойын кез келген құрылғыны қыздырып жібереді, сол себепті оның желдеткіші мықты болғаны жөн. ROG Ally-дің екі желдеткіші бар.

ROG Ally-дің ең ұнағаны және назарыма түскені осы желдеткіші болды. Құрылғыны қосқанда желдеткіші бірден іске қосылып, ыстық ауаны сыртқа шығарып тұрады. Оған қоса желдеткіш дұрыс жерде орналасқан. Одан шыққан ыстық жел батырмалар жаққа емес, жоғарыға бағытталған, яғни қолға ыстық жел соқпайды, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Дыбысы

ROG Ally консолінің Dolby Atmos аудиожүйесі арқылы жұмыс істейтін екі динамикасы бар. Ол дыбысты 3D форматта естуге, ойын әлеміне толық енуге мүмкіндік береді.

Мысалы, ойындағы қарсыласың сол жағынан жүгіріп келе жатса, дыбыс сол жақтан, оң жақтан шабуылдаса, оң жағынан естіледі екен. Ноутбукте, компьютерде олай емес, — дейді Мағжан.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ойын консоліне Windows орнатылғаннан кейін интернет арқылы одан фильм, видео көруге болады. Ал құрылғының екі жағындағы аудиожүйесі арқылы фильмнің дыбысы қатты шығады. Фильм көру үшін теледидар бар бөлмеде отырудың немесе кішкентай телефонға үңілудің қажеті жоқ: консоль арқылы кез келген жерде көре аласыз. Мәселен, Мағжан және оның жұбайы Елдана кешкі ас ішіп, сүйікті сериалының бірін тамашалады. Консоль онсыз да асқа толы дастарханнан көп орын алмай, бір шетке жайғаса қалды.

Оңтүстік Кореяның «Ва банк» сериалының бір бөлімін көрдік. Бұл — өте ескі сериал. Бірақ оның өзі консольдан тұп-тұнық болып көрінді, — дейді Мағжан.

«Жоқ, мен үлкен экран арқылы ғана көремін» десеңіз, оның да шешімі бар. Бұл ойын консолін теледидарға да жалғауға болады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қуаттағышы

ROG Ally аккумуляторы — 40 ВТ/сағ. Қуаттағыш адаптері — 65 Ваттық Type-C USB-і. Құрылғының қуаттағышы ұзын. Қуаты біткенде розетканың жанында отырудың қажеті жоқ. Ұзын сымының арқасында отырған жеріңізде емін-еркін қолдана аласыз.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Шолуымызды қорыта келе, ROG Ally ойын консолінің мынадай артықшылықтарын атап айтуға болады:

  • шағын әрі жеңіл;
  • «салмағы ауыр» ойынды жүктеуге болады;
  • Windows бағдарламасы бар;
  • экраны сенсор;
  • саусақ ізі арқылы қауіпсіз етуге болады;
  • 3D форматтағы аудиожүйесі бар;
  • кез келгенде жерде жаныңда алып жүруге болады.

ОЙЫН КОНСОЛІНЕ ASUS ҚОЛДАУЫМЕН ШОЛУ ЖАСАЛДЫ