Марат Қарабаев: Азаматтық авиация саласында кадр тапшылығы бар

Азаматтық авиация саласында кадр тапшылығы бар. Бұл туралы үкімет отырысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты.

Қазіргі уақытта салада 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. 2025 жылға дейін қосымша кадрларға қажеттік бар. Республикада сала бойынша Қазақстан Республикасы мен Орталық Азия елдерінде кадрлар даярлауды жүзеге асыратын жалғыз жоғары оқу орны бар. Бірақ академия түлектері ИКАО стандарттарына және мамандар даярлау саласындағы басқа да халықаралық талаптарға сәйкес келмеу себебінен сұраныста емес, — деді министр.

Министрдің айтуынша, сондықтан негізгі авиакәсіпорындар кадрларды өз бетінше оқытуға мәжбүр.

Кадр тапшылығы мәселесін шешу және студенттеріміздің сұраныс деңгейін арттыру үшін ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, Еуропалық стандарттарға көшу арқылы азаматтық авиация саласы үшін кадрлар даярлау жүйесін түбегейлі реформалау, сонымен қатар оқыту процесін ИКАО-ның озық стандарттарына сәйкес келтіру мәселесін пысықтап жатырмыз, — деді Марат Қарабаев.