Алматыда бірнеше көше үш айға жабылады

Алматыда бірқатар көше жылу желілерін қалпына келтіру үшін үш айға жабылады. Бұл туралы «Алматы жылу желілері» ЖШС баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылғы 29 мамыр мен 30 тамыз аралығында Алмалы ауданындағы Бөгенбай батыр көшесі (Байтұрсынов көшесінен Наурызбай батыр көшесіне дейін аула ішілік аумақ бойынша) жабылады.

Жетісу ауданында 31 мамырдан 1 тамызға дейін Расков көшесінің бойы ( Есенов көшесінен Колпаковский көшесіне дейін одан әрі №143 мектеп-лицей ғимаратына дейінгі) бөлігінде көлік қозғалысы шектеледі.

1 маусым мен 30 тамыз аралығында Шаляпин көшесінде ( Солтүстік бағытта Момышұлы көшесінен Саин көшесіне дейінгі аула ішілік аумақ бойынша) жол жабылады.

Енгізілген шектеулер аталған көше сегменттерінің жүріс бөлігінің астында өтетін құбырларды қайта құру үшін қажет. Жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдайды сақтау үшін үйлерге ыстық су уақытша схема бойынша беріледі, — делінген хабарламада.

Компания келтірілген қолайсыздық үшін алматылықтардан кешірім сұрайды.

Сонымен қатар жүргізушілерге жол жүру бағытын алдын ала жоспарлауға кеңес берді.