Қазақстанда қарттар мен балалардың үлесі 42%-тен асты

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшылары ұзақ мерзімді демографиялық болжам жасады. Бұл туралы Finprom.kz хабарлады.

Құжатта сарапшылар 2050 жылға дейін халық санының өсуінің үш ықтимал сценарийін есептеді — базалық, оптимистік және пессимистік.

Барлық үш даму сценарийі бойынша Қазақстандағы демографиялық жүктеме жоғары деңгейде қалады. Кейінгі бес жылда Қазақстанда демографиялық жүктеме айтарлықтай өсті. Еліміздегі еңбекке жарамды әрбір 1 000 азаматқа 740 қарт пен баладан келеді.

Туу мен қайтыс болудың қазіргі өсу үрдістерін ескере отырып, яғни базалық сценарий бойынша жалпы тәуелділік коэффициенті алдымен төмендейді: 2025 жылға қарай — 712-ге, 2035 жылға қарай — 681-ге дейін. Болашақта өсімді күтуге болады. Ал 2050 жылға қарай жұмыс істейтін 1 000 адамға шаққанда 773 тәуелді адам болады, — делінген хабарламада.

Қазақстанда қарттар мен балалардың үлесі 42%-тен асып кетті. Бұған кейінгі жылдардағы беби-бум және халықтың қартаюы ықпал етті.