Қазақстан уран, мұнай өнімдері және жеңіл автокөліктер экспортын айтарлықтай ұлғайтты.
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, министрлік үшін өңдеу өнімдері экспортын 2025 жылы 41 миллиард долларға жеткізу аса маңызды. Былтыр оның көлемі 26,5 миллиард доллар болған.
Биыл 1-тоқсанда өңделген өнімнің сыртқы саудасының жалпы көлемі 18,8 миллиард доллар болды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіштен 32%-ке жоғары. Кейінгі үш жылда бұл көрсеткіш 63%-ке өсті. Осы кезеңде шикізаттық емес тауарлар экспорты 5,9 миллиард доллар болды. Өсім 7,6%-ті көрсетті, — деді Қайрат Төребаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Сыртқы нарыққа шикізаттық емес экспортты ілгерілету туралы» баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, экспорттың өсуімен қатар оның географиясы да кеңейіп келеді.
Биыл қазақстандық шикізаттық емес экспорт әлемнің 106 еліне жөнелтілді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда алты елге артық. Өңделген тауарлардың негізгі импорттаушылары: Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Нидерланды, Ұлыбритания, Жапония, Қырғызстан, Грузия, Ауғанстан, — деді вице-министр.
Экспортқа шығарылған негізгі тауарлар арасында мыс және катодты мыс, ферроқорытпа, уран, мұнай өнімдері, күміс, бидай ұны, табиғи газ және тағы басқасы бар.
Қайрат Төребаевтың айтуынша, экспорт өсімі мына тауарлар бойынша тіркелген:
- уран – 51,6%-ке;
- мұнай өнімдері – 52,5%-ке;
- күнбағыс майы – 19,9%-ке;
- минералды тыңайтқыштар – 2,8 есе;
- жеңіл автокөліктер – 46%-ке;
- сутек, инертті газ және тағы басқалары – 24%-ке.