Қаржы пирамидасының белгілері бар компаниялар тізімі жарияланды

Қаржы пирамидасы ретінде қызмет көрсетеді деген күдікке ілініп, сот үкімі шыққан ұйымдардың кеңейтілген тізімі жарияланды. Бұл туралы қаржылық мониторингі агенттігі хабарлады.

Енді өз қаражатын инвестициялауды жоспарлаған қазақстандықтар компанияның сенімділігін қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің реестрінен ғана емес, осы тізім арқылы да тексере алады.

Агенттік биылғы жыл басынан 22 қаржы пирамидасын анықтаған. Кибербақылау жүйесінде 4 мыңға жуық сайттар мен аккаунтар бұғатталды. Алдын алу жұмыстары аясында әлеуметтік желі қолданушыларына ескертулер жіберу нәтижесінде бүгінде 52 мың желі пайдаланушысы қаржы пирамидасы белгілері бар контентке жазылудан бас тартты, — делінген хабарламада.

Еске салайық, инвестиция салмас бұрын компанияда қаржылық пирамида белгілерінің бар-жоғын ҚМА Telegram-ботынан білуге болады. Жыл басынан қызметке 3 511 өтініш түскен.

Азаматтарды қырағы болуға және ақша қаражатын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырамыз. Егер сіз және сіздің жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетінен зардап шексе, ҚМА саll-орталығына (1458) хабарласа алады, — деді агенттіктен.

photo

photo

photo