Экология министрі итбалықтардың қырылуына не себеп болғанын айтты

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова итбалықтардың қырылу фактілері неге жиілеп кеткенін түсіндірді.

Мамыр айының басында Каспий теңізі жағалауынан бірнеше ондаған итбалықтың өлексесі табылды.

Министрдің айтуынша, бұл факті бойынша қажетті сынама алынды, нәтижесі кейінірек белгілі болады.

Итбалықтардың өлуіне бірнеше фактор әсер етеді. Мәселен, былтыр кейбір итбалықтар кемелерге соқтығысып өлген. Бірақ мұнаймен байланысы қырылу фактілері табылмады, — деді министр үкімет кулуарында.

Оның айтуынша, былтыр өлген итбалықтардан екі вирус табылған.

Былтыр біз осы мәселені көтеріп, итбалықтарда екі вирус болғанын анықтадық. Өкінішке қарай, жабайы жануарларға вакцина салуға мүмкіндік жоқ. Биыл олар неге қырылды және бұл процесс қай кезеңде басталғаны анықталып жатыр, — деді Зүлфия Сүлейменова.

Министрдің айтуынша, қазір елімізде қанша итбалық бар екені белгісіз. Бірақ популяция азайып жатыр. Министр ғылыми қауымдастықпен бірлесіп есептеу әдістемесін жаңарту мәселесін пысықтау қажет деп санайды.