Әлібек Қуантыров: Биыл ел экономикасы 5%-ке өсті

Биыл төрт айда ел экономикасы 5%-ке өсті. Бұл туралы үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

Биыл төрт айда былтырғы қаңтар-сәуірмен салыстырғанда Қазақстан экономикасы 5%-ке өсті. Оның ішінде нақты сектордағы өсу — 4,8, ал қызмет көрсету саласындағы өсу — 4,9%. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалып отыр. Әсіресе құрылыс, сауда, сонымен қатар ақпарат және байланыс ең жоғары өсімді көрсетті, — деді министр.

Оның айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18% болды.

Инвестиция ағыны көлік және қоймалауда – 39,3, ауыл шаруашылығында – 26,5, жылжымайтын мүлікке қатысты операцияларда – 10, сонымен қатар өнеркәсіпте – 18,1, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 17,3 және өңдеу өнеркәсібінде — 7%-ке өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Түркістан, Маңғыстау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды, — деді Әлібек Қуантыров.