15 мамыр — Халықаралық отбасы күні. Отбасының қазіргі моделі қандай? Оған қалай бейімделу керек? Әркімнің жауапкершілігі қалай бөлінеді? Бұл сұрақтарға психолог Гүлзат Қанат жауап берді.
Отбасының бұрынғы моделі қазіргі қоғамға кесірін тигізіп жатыр ма?
Психолог Гүлзат Қанат қазір отбасы моделі өзгергенін айтады. Ол бұрынғы отбасы түсінігі қазіргі заманға сәйкес келмейді дейді.
Бұрынғымен салыстырғанда отбасы моделі өзгерді. Қазір ажырасатындар көбейіп кеткені де осыдан. Қазақстанда әрбір үшінші жұп ажырасып жатады (2019 жылғы мәлімет бойынша — ред.). Бұрынғылар мұндайды естігенде бірден «біз төзген едік, шыдаған едік» деп кейиді. Ол замандағы отбасы моделі бойынша жұптағы бір адам өзін құрбан етуі керек деп қарастырылатын, — дейді ол.
Сол себепті маман қазір ажырасуға жақсы жағынан да қарауға болады дейді.
Қазір келісе алмаса, тұрмыста зорлық-зомбылық болса, ажырасу дегенге позитив жағынан да қарай аламыз. Өйткені қоғамда адам құқығы мәселелері алдыңғы орынға шықты. Бірақ отбасы институты мен қоғам саулығы үшін әр адам өзіне жауапты болғаны, ажырасуға жеткізбеуге тырысқаны жөн, — дейді маман.
Маман отбасының бұрынғы моделімен өмір сүру қауіпті екенін айтады. Отбасында ешкім «құрбан» рөлінде болмауы керек дейді.
Қазір бір дастархан басында отбасы болып кешкі асқа жиналу қиындап кетті. Бәрі жұмыс істейді, балалар сабаққа, қосымша үйірмелерге барады. Бұрын әйел үйде отыратын, күнде отбасы болып түскі асқа, кешкі асқа жиылу қалыпты еді. Дегенмен қазіргі заманда әйелдің жұмыс істемей, үйде отырғаны қауіпті болуы мүмкін.
Әйелдің отбасы үшін өзін құрбан етіп үйде отырғаны өзі үшін ғана емес, отбасы үшін де қауіпті болуы мүмкін. Мысалы, әйел соған келісіп, жұмыс істемейтін болды делік. Кейін ол осы құрбандықтың, жастығының есесін бейсаналы түрде күйеуінен талап етеді, күйеуінен болмаса, балаларынан талап етеді. Ол әйел қызына «Жастығымды құрбан етіп, сені бақтым, енді сен мені бақ» деп күйеуге шықпауды сұрауы да мүмкін, — дейді психолог.
Гүлзат Қанат отбасы түсінігінің ескі моделі қазіргі қоғамға кесірін тигізіп жатыр деп есептейді. Ол «ене мен келін» тартысы сол өткен күннің есесін қайтарғысы келетін әйелдерден болады дейді.
Әйел үйде жолдасын түскі асқа күтіп отыратын модель тым ескі әрі жарамыз болып қалды. Ол бұрын жақсы болғанның өзінде, салдарын қазір көріп отырмыз. Ұлы үйленіп, келін әкеледі. Бірақ өмір бақи үй шаруашылығында болған ене ұлын келінінен қызғанып, жатын бөлмелеріне дейін кіріп баратын жағдайлар болып жатыр. Сондықтан әр отбасы мүшесінің отбасынан бөлек жеке тұлға ретінде өз қызығушылығы, достары, араласатын ортасы болуы қажет, — дейді ол.
Психологтың айтуынша, ата-ана бар өмірін баламен байланыстырып қоймауы керек. Бала бәрібір өседі, оқуға түседі, бөлек кетеді. Сондайда ата-ана тосылып қалмас үшін алдын ала өзіне қауіпсіздік амалын ойластыруы керек.
Бала екі жас дағдарысы кезеңінде-ақ анасынан алыстай бастайды. Анасын бір қажет етіп, бір қажет етпей тұратын екіұдай күйде болады. Анасынан алыстап бара жатқанын қылықтарынан анық байқауға болады. Әйел мұндай кезде не істерін білмей қалмауы керек. Бос уақытында айналысатын сүйікті ісі, жұмысы, құрбысы, сыныптасы, жора-жолдасы, яғни баладан басқа да қызығы болғаны абзал, — дейді ол.
Ата-ананың баладан басқа да қызығы болуы керек екені баласы өтпелі кезеңге келгенде де білінеді. Маманның айтуынша, жасөспірім шақта бала ата-ананың беделін, абыройын толығымен жоққа шығарады.
Мұндайда үй шаруасынан басқа ермегі жоқ әйел не істерін білмей қалады. Жасөспірім үшін америкалық жұлдыздың, корей дорамасындағы актердың сөзі әлдеқайда абыройлы болады. Ата-анасына «Сіздер маған «авторитет» емессіздер» деп ашық айтуы да ғажап емес. Мұндайда бар өмірін баласына арнаған ата-ана күйзеліске түсіп кетуі де мүмкін. Балаға да өз өмірі, жеке қызығушылығы бар ата-анамен өтпелі кезең дағдарысынан өткен жеңілірек, — дейді психолог.
Отбасы бірлігін қалай сақтаймыз?
Гүлзат Қанаттың айтуынша, отбасы бірлігі мықты болуы үшін топтық сана, командалық рух қалыптасуы керек. Бұл үшін маман отбасында әркім өз жауапкершілігін арқалайтын тәртіп болуы керек дейді.
Қаржылай, тәжірибе тұрғысынан басымдық ата-анада болады. Бала белгілі бір жасқа толғанша ата-анаға тәуелді. Мысалы, еметін кезеңінде ананың сүтіне, өсе келе оқытуына, киіндіруіне тәуелді дегендей. Шешім шығаратын, жауапкершілігі мол болғандықтан ата-ананың рөлі басым. Бірақ ол баласына дене, эмоциялық не басқа зорлық-зомбылық, үстемдік көрсете алады дегенді білдірмейді. Отбасы мүшелерінің барлығының құқы тең, бірақ жауапкершілік әртүрлі. Бес жастағы балаға өзіңді өзің асыра деп айта алмаймыз. Ол — ата-ананың жауапкершілігі, — дейді маман.
Психологтың айтуынша, отбасында ата-ана, үйдің үлкені, кенжесі деген түсінік болғаны дұрыс. Бірақ солай екен деп, үлкені кішісіне әлімжеттік жасауы керек деген сөз емес.
Әкенің рөлі заң шығарушы орган сияқты. Ол отбасындағы мәселелерді таразылап, шешім шығарады. Осы тәртіпті бұзып алмау да — әкенің міндеті. Ол үшін әуелі ата-ана баланың көзінше бір-бірін жамандаудан аулақ болуы керек. Әкесі баласына «шешең ақымақ, ол өйтті, бүйтті» десе немесе керісінше анасы әкесін жамандаса, айтып отырған тәртіп бұзылады. Мұндайда әкенің бала алдындағы «заң» рөлі құлайды. Анасын да тыңдамайтын болады, — дейді ол.
Маман отбасы мүшелерінің бір-біріне өтірік айтпағаны да маңызды дейді. Өйткені балалар, әсіресе, жасөспірімдер өтірік әңгімені бірден таниды.
Сондықтан өтірік сөйлемеген дұрыс. Бұл да ата-ананың абыройын түсіріп, ортадағы сыйластықты жояды, солайша тәртіп жүйесі бұзылады, отбасы түсінігі құлдырайды, — дейді ол.
Психологтың айтуынша, командалық рухты дамыту үшін, отбасы бірлігін нығайту үшін әркімнің өз міндеті болуы керек. Дегенмен әр адам бейіміне, шамасына қарай жауапкершілік арқалағаны дұрыс.
Табыс табу мәселесінде барлық ауыртпалықты ердің мойнына артып қоймау керек. Кей отбасында еркекке қарағанда әйел ақша табуға бейім болады. Бірақ жүктілік пен декреттік демалыс кезінде ер адам әйел үшін де жауапкершілікті мойнына алуы қажет. Балалардың жауапкершілігін де жасына, қабілетіне сай бөлу керек. Үлкені үлкен бөлмені жинаса, кішісі өз бөлмесін жинайды деген сияқты сызба болғаны дұрыс. Барлығы бірлесіп отбасы үшін, үй үшін бірдеңе істеп жатқанын түсінгені маңызды, — дейді маман.
Үйдегілер қайтсе бір-біріне жақын болады?
Психологтың айтуынша, отбасыны жақындастыру үшін, бірлікті сақтау үшін бірнеше дәстүр болғаны жөн:
- Қазіргі заман үшін басты амал — бас қосылғанда телефонды ысырып қою. Бірақ бұл шара бәріне қатысты болуы керек, әкесі «әкемін» деп телефон шұқылап отыруына болмайды.
- Дастархан басында «Кімнің күні қалай өтті?» «Бүгін не үйрендің, не көрдің?» деген сияқты адам эмоциясын шығаратын сұрақ қойып сөйлесу керек. Өйткені эмоция жақындастырады.
- Бірге фильм көріп, концерт тамашалап та эмоция алмасуға болады.
Гүлзат Қанат отбасындағы барлық кикілжің психологиялық сауат жоқтығынан туындайтынын айтады. Ол отбасы мүшелеріне бірге психологиялық сауат ашуға, отбасы түсінігі туралы көбірек оқуға кеңес берді.
***
Тағы оқыңыз: