Кэтколлинг деген не?

Кэтколлинг — көшедегі, кез келген қоғамдық орындағы бопсалау түрі. Оның вербал және вербал емес түрі бар. Бұған бір адамның екіншісіне айғайлауы, ысқыруы, көліктен сигнал беруі, адамның белгілі бір дене бөлігі туралы айтуы, денесін ұстауы, аңдуы және тағы басқа амалдар жатады. Кэтколлингке көп жағдайда әйелдер тап болып жатады.

«Кэтколлинг» ұғымы бертін келе пайда болса да, харассменттің бұл түрі қоғамда бұрыннан бар. Мұндай әрекет әр уақытта түрліше аталып келген. Мысалы, 1900 жылдардың басында америкалық баспасөз қызметкерлері бейтаныс әйелдерге сөйлеп, олардың мазасын алатын немесе пойыз вагондарында әдейі жабысуға тырысатын еркектерді «машерлер» деп атаған. «Машер» француз тілінен сөзбе-сөз аударғанда «қымбаттым», «жаным» деген мағынаны білдіреді, тіпті сол уақытта америкалық әйелдер жеке бас қауіпсіздігі үшін қалпаққа арналған инелерді өзімен бірге алып жүрген.

Ал өткен ғасырдың ортасында америкалық мультипликатор Текс Эйверидің «Ыстық қызыл телпек»  мульфильмінен кейін «қасқыр ысқырығы» (wolf-whistling) анықтамасы пайда болды. Өйткені онда қасқыр қызыл телпекке сексуал құмарлығын білдіру үшін ысқырады. Дәл осы бейнедегі образ баспасөзде кеңінен тарап, көшеде әйелдерге қырыңдайтын ер адамдардың әрекетіне де «қасқыр ысқырығы» термині қолданылатын болған.

Ал қазір «кэтколлинг» ұғымы 2014 жылы түсірілген видеодан кейін қалыптасып, проблема ретінде қарала бастады. Видеода қара футболка мен шалбар киген қыз 10 cағат бойы Манхэттен көшелерін үнсіз аралайды. Видеода жол бойы оған түрлі еркектің түрліше қырыңдаған сәттері түскен.

Қазақстанда да кэтколлинг мәселесі кездеседі. Бопсалаудың бұл түріне қатысты нақты статистика жоқ. Дегенмен қазақстандықтар көшеде көбіне «Эй, қарындас», «Фигураңыз ат екен», «Анаңызға күйеубала керек емес пе?» және тағы басқа сөздерді естіп жатады.

Назым, 23 жас:

«Ол кезде Алматыда оқып жүрмін, студентпін. Әр демалыс сайын Гагарин және Өтепов көшесінің қиылысында тұратын апамның үйіне барып тұрамын. Бір күні түскі мезгілде әдеттегідей Гагарин бойымен жүріп келе жатқанмын. Көшеде адам көп болмады, тек бір жасөпірім қатар келе жатқан. Бір уақытта ол артта қалып кетті, бірақ мен телефонмен анаммен сөйлесіп келе жатқан соң оған аса мән бермедім. Бір кезде жамбасымнан біреу алақанымен қаттырақ ұрып жіберді. Шошып кеттім. Бірден артқа қарасам, әлгі жасөспірім екен. Осыдан кейін оң жақтағы кішкентай көшеге бұрылып, қашып кетті. «Оңбаған» деп айғайлап қана үлгердім. Телефонның ар жағынан анам «Не болды?» деп уайымдап кетті. Мұндай жағдай басымнан бірнеше рет өтті. Бірде автобуста тұрғанымда тап-таза, әп-әдемі костюм киіп алған ер адам жамбасымды ұстай берді, бірақ автобуста адам көп болған соң әдейі қолы тимеген шығар дедім. Дегенмен жанымдағы тұрған басқа жолаушы әйел «Артыңда тұрған еркек жамбасыңды ұстап тұр, қазір мен келесі аялдамадан түсемін, менің орныма ауысып ал” деп ескертіп айтқан соң бірден басқа орынға ауыстым. Ал әлгі адамға ештеңе айта алмадым. Ұялдым ба, әлде қорықтым ба, білмеймін. Мұндай сәтте өзіңді қорғансыз сезінеді екенсің»

Адамдар кэтколлингті не себепті қалыпты деп есептейді?

Өкінішке қарай, қоғам кэтколлингті жыныстық бопсалаудың бір түрі деп емес, қалыпты жағдай деп есептеп жатады. Ақтөбе психоанализ қауымдастығының психологтары Гүлзат Қанат және Жандос Нұрлыбаймен мұның себебін анықтауға тырысты.

психолог Гүлзат Қанат
Гүлзат Қанат. Фото жеке архивінен

Мамандардың айтуынша, мұндай әрекетке баратындардың кейбірі өз ісін комплимент деп ақтайды. Алайда Ақтөбе психоанализ қауымдастығының басшысы, практик-психолог Гүлзат Қанат олардың бұл пікірінің қате екенін айтты.

«Кэтколлингтің себебі көшедегі бір әрекеттен гөрі тереңірек. Мұндай дөрекі, тұрпайы «ықылас білдіргісі келетін» адам «Өзгенің назарын аударамын, комплимент жасаймын» деп ең әуелі өзін алдайды. Шын мәнінде ер мен әйел қарым-қатынасы аса күрделі. Кей кісі ұнатқан адамына сезімін дұрыс жеткізуді, онымен дұрыс қарым-қатынас орнатуды білмейді. Осының орнын толтыру үшін және өз эгосын қанағаттандыру үшін кэтколлингке баруы мүмкін. Осылайша олар өзін «мачо» сезінеді. Бұл сәбиді бос емізікпен алдап қою сияқты. Алайда кэтколлингтің комплимент емес екенін ұмытпаған жөн. Дегенмен «жаман жігіттерге» ғашық болу, яғни Бони және Клайд синдромын немесе Стокгольм синдромын да ескеруіміз керек. Бұл — патологиялық жағдайларда қылмыскерлерге, басбұзарларға деген махаббат, соларға тұрмысқа шығуды көксеу немесе қарым-қатынаста ер адамның басым болуын қалау, өрескел әрекет жасауына, күш көрсетуіне көну. «Жаман жігіттерге ғашық болу» синдромының өзінің астары мен салдары бар. Сол себепті бұл нәрсенің өзі де кэтколлингті ақтамайды», —  дейді Гүлзат Қанат.

Ал психолог Жандос Нұрлыбай кей ер адамда инфантилизм басым екенін айтады. Инфантилизм — (латынша балалық, ақыл-ой дамуының кері кетуі, тежелуі) адам психологиясының қалыпты жағдайынан ауытқуы. Жасы егде тартқан кей адам ой-өрісі мен іс-әрекеті балаға ұқсап, өзін бала сияқты сезінеді.

Жандос Нұрлыбай
Жандос Нұрлыбай. Фото жеке архивінен

«Мұндай адамдар әлі күнге дейін белгілі бір дәрежеде жасөпірімдер сияқты ойлайды, өмір сүреді. Олар осы іс-әрекетін «еркек болу» деп түсінеді, бірақ шын мәнінде олар осылайша өзін өзі төмен бағалау сияқты ішкі мәселелерін жасырып қалуға тырысады. Сонымен бірге бұл жерден  лузерлік психологияны (лузер — үнемі жолы болмайтын, жеңілетін қабілетсіз адам) да байқауға болады. Оларға жеке дара адам ретінде қызға көңілін білдірудің орнына бір топ жігіт болып сыртынан тиісу оңайға соғады. Осылайша, олар өзінің әлсіздігін байқатады. Оның үстіне мұндай адамдардың көбіне мақсаты — қыз баланың көңілін аулау емес, көпшілік алдында өзін көрсету»,  — дейді Жандос Нұрлыбай.

Кэтколлинг — психологиялық сауатсыздықтың салдары

Гүлзат Қанат кэтколлингті адамның ішкі мәдениетімен де байланыстырып отыр. Оның айтуына қарағанда, адамдардың мұндай әрекетке баруына сіңіп кеткен таптаурын түсініктер де әсер етеді.

«Еркек жыламайды» деген тыйымнан ерлер эмоциясын дұрыс шығара алмайды. Кейін ол ашуын агрессия арқылы шығарады, ықыласын табалау арқылы көрсетеді. «Еркек маймылдан сәл әдемі болса, жарайды» деген сияқты стереотип пікірлерді естіген кей ер адам сыртқы келбетке күтім жасау керек екенін ұмытады, әдепсіз әрекеттерге барады. Оған олардың көшедегі қыз-келіншекке әдепсіз сөзбен тиісе салу, көшеде кез келген жерге түкіре салуы дәлел. Сонымен бірге адамда сана және бейсана бар. Бейсанада мораль аясына сыймайтын небір қалау бар. Бірақ ол қалаулар сублимацияға ұшырап, өзгелер алдына өңделіп шығады. Ал бейсанадағы әртүрлі деңгейдегі әдепсіздіктерді еш цензурасыз ақтарып салу — психика әлсіздігінің белгісі. Осындай қоғамдағы стереотиптер және адамның санасындағы ойын фильтрден өткізбеуі кэтколлингке себеп болуы мүмкін», — дейді психолог.

Айсана, 26 жаста:

«Астанада тұрамын. Карантин кезінде үйде жатып, біраз салмақ қосып алдым. Кейін өз-өзімді қолға алу үшін таңертең, кейде кешке жүгіремін деп шештім. Бірде кешке қарай жүгіріп бара жатсам, саябақта отырған үш жігіт ысқыра бастады. Спорт киімім денеме жабысып тұрады. Оларға соған назар аударып, бірі «Фигураңыз ат қой» десе, екіншісі «Фуф, от қой, от» деді. Өзімді сондай қорғансыз сезіндім, бірақ оларға ештеңе дей де алмадым. Бар ойым тезірек үйге жету болды. Сол күннен бастап жүгіруге күйеуіммен шығатын болдым.»

Заң не дейді?

Париж көшелерінің бірінде ер адам өз ысқырығына ашуланған француз әйелі Мари Лагеррге шабуыл жасаған еді. Бұл оқиға ел тұрғындары арасында үлкен резонансқа айналады. Нәтижесінде 2018 жылы Франция билігі халық наразылығына жауап ретінде көшедегі сексуал бопсалау, оның ішінде кэтколлингті заңсыз әрекет деп таныды. Сол жылдың қыркүйегінен бастап қоғамдық орында тәртіп бұзғандарға 750 еуроға дейін айыппұл салынады.

Ал 2022 жылғы 27 шілдеде Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Лиз Трасс Консервативтік партияның және үкімет басшысы болып сайланса, әйелдердің қоғамдық орындарда өзін қауіпсіз сезінуі үшін кэтколлингке тыйым салатын заң қабылдайтынын баса айтты.

2014 жылдың сәуірінен бастап Бельгияда сексуал бопсалаумен қоса жыныстық қатынасқа шақыру да қылмыс болып есептеледі, заң бұзушыға айыппұл салынады немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айырады.

2015 жылдан бастап Португалияда көшеде әйелдерді қорлау заңсыз болып есептеледі. Ал Жаңа Зеландияда дөрекі сөйлеген, басқаны балағаттаған адам 1 000 долларға дейін айыппұл төлеуі мүмкін.

Орталық Азия елдерінің заңнамасында «харассмент», «кэтколлинг» термині жоқ. Мұндай әрекеттер көбіне «Ұсақ бұзақылық» немесе қоғамдық тәртіпті бұзу ісі ретінде қарастырылады. Қырғызстанда заң бұзушы қоғамдық жұмысты істейді, бес күнге бас бостандығынан айырылады немесе 15 АЕК айыппұл өтейді. Ал Тәжікстанда 5-15 тәулікке қамауға алынады немесе 7-10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Өзбекстанда да 15 тәулікке бас бостандығынан айыру және 3-5 АЕК мөлшеріндегі айыппұл қарастырылған. Ресейде де көшедегі бопсалаудың алдын алатын және одан зардап шеккен әйелдерді қорғайтын арнайы заң жоқ.

Қазақстанда бұрын әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекс бойынша зәбір көрсеткен адам 10 айлық есептік көрсеткіш  (АЕК) айыппұл төлейтін немесе 10 күнге қамауға алынатын. 2017 жылдан бастап жаза түрі өзгеріп, енді тек ескерту беріледі немесе 10 күнге қамауға алынатын болды.

Кэтколлингке тап болғанда, не істеу керек?

Психолог Гүлзат Қанат кэтколлингке ұшыраған адамға қорғанудың төрт әдісін айтты:

  1. Ең әуелі өз қауіпсіздігіңізді ойлаңыз. Мұндай жағдайға әлеуметтік желіде, өз таныстарыңыздың арасында немесе көпшілік ортада тап болсаңыз, әрекетінің дұрыс емес екенін айтып, түсіндіруіңізге болады. Дегенмен бопсалаушымен оңашада болсаңыз, қауіпсіздігіңізді ойлаңыз.
  2. Кэтколлингті құнсыздандыруыңыз керек. Сізге вербал немесе вербал емес кэтколлинг көрсеткен адамға жауап бермеуге, онымен диалогқа түспеуге тырысқаныңыз дұрыс;
  3. Сөзбен тиісуден әрі ұласып жатса, айналаңыздан көмек сұраңыз. Адам көп шоғырланған жерге қарай барыңыз.
  4. Құқығыңызды қорғайтын органдарға хабарласыңыз. Бопсалаушыға да смартфоныңыздан 102 нөмірін тергеніңізді көрсетіңіз.