Орталық Азияны зерттеген танымал ғалым Григорий Потаниннің естелігі бойынша, Шоқан Уәлиханов Кадет корпусына түскенде, бәрі «қырғыз баласының» қатарластарынан алғыр екенін байқайды. Оны демалыс және мереке күндері кадеттер, мұғалімдер де үйінде қонақ ететін болыпты. Омскіде атақты шенеунік Яков Капустиннің үйінде әдебиет пен өнер адамдары, зиялы қауымдар жиі жиналған. Арасында Шоқан Уәлиханов пен Кадет корпусында бейнелеу өнерінен сабақ беретін А.Померанцев те болған. Мұғалімнің өнеріне тәнті болған Шоқан оған ара-тұра картиналарға тапсырыс та беріп тұрыпты.

Өкінішке қарай, А.Померанцевтің есімі Өнер академиясы және орыс бейнелеу өнері тарихы анықтама басылымында жоқ. Антропология және этнография музейі (Кунсткамера) мәліметінше, суретші альбомында тек тоғыз картина бар.

Шоқан Уәлихановтың бала күннен бергі ермегі сурет салу еді. Бұл өнерді әуелі Құсмұрын бекінісіндегі үйінде айлап, жылдап қонақ болатын орыстың суретші-топографтары мен геодезистерінен үйренеді. Ал нағыз суретшілікті Кадет корпусында оқыған жылдары (1847-1853жж) осы А.Померанцев деген оқытушысы үйреткен.

Досы Григорий Потанин былай еске алады: «(Ол) Померанцевті өзіне жанашыр көрді. Бұл — жас, көңілді, бейқам Генерал штабының офицері, бұрынғы біздің бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі. Оның пәтері нағыз суретші шеберханасы еді, қожайын да өнерге жақын, болмысы сымбатты адам ғой. Өзіне келген кадеттермен бала сияқты ойнап, асыр салатын. Ш.Уәлиханов 15 жасында  алғашқы этюдтарының бірі «Шақырымдағы бағананы» осы А.Померанцев тапсырмасымен салды».

Академик Әлкей Марғұлан А.Померанцевтің Шоқан Уәлихановпен араласқаны жас суретшінің болашақ ғалым-гуманист болуына көп әсер еткенін айтады. «Олар өмір бойы дос болып өтті. Олардың идеялары жақын екені кейінірек бірігіп салған картиналарында көрінді. Олар қазақ өмірінен кенеп суретті бірге салды, жақын ауылдарға сапарға барып жүрді», — деп жазады Әлкей Марғұлан.

Тарих ғылымы кандидаты Валерия Прищепованың айтуынша, Әлкей Марғұланның бұл естелігі екі суретшінің суреттерінің не себепті бірдей екенін түсіндіреді. Бір суретті — Шоқан Уәлиханов қарандашпен, ал А.Померанцев акварельмен салған. Бар айырмасы — картиналардың салынған уақыты екі түрлі. Орыс суретшісі суреттеріне 1851 жылғы датаны, қазақ суретшісі 1856 жылғы датаны қойған.

Шоқан Уалихановтың 1856 жылы салған суретіне қараңыз. Ол міне:

Екі суретші Сартай деген бидің портретін де салған.

А.Померанцев. Жабайы-тас орда Биі Сартай. Акварель, 1851 жыл. Қырғыздар. Дереккөз: МАЭ. Колл. И-1415-8

А.Померанцев картинаны «Жабайы-тас орда Биі Сартай» деп атаған.

Ш.Уәлиханов. Қырғыздың сарыбағыш руының биі Сартай. Акварель, 1856 жыл. Дереккөз: Архив Ресей академия ғылымы

Ал Шоқан Уәлиханов қарандашпен салған бұл суреті Ресей Академия ғылымының Санк-Петербург бөлімінде сақтаулы тұр. Басында картина астына «Жабайы-тас орда биі Сартай» деп жазылған, кейін бұл атау белінен сызылып, «Сабыбағыш ұрпағынан Сартай» деп өзгертілген. Шоқан Уәлихановтың салғаны оқытушысының суртінен сәл өзгеше, Сартай бидің қолына пышақ пен қынап ұстатып қойған.

А.Померанцев. Жабайы-тас орда манабы Байназар Тұрымбетов, Акварель, 1851 жыл, Қырғыздар. Дереккөз: Кунсткамера

Кунсткамера альбомдарында А.Померанцевтің «Жабайы-тас орда манабы Байназар Тұрымбетов» деп жазылып, акварельмен салынған картинасы бар.

Ш.Уәлиханов. Қазақ портреті (Негізі, суретте қырғыз манабы Байназар Тұрымбетов). Қарандаш, 1856 жыл. Дереккөз: Архив Ресей академия ғылымы

Дәл осы қырғыз рубасын Шоқан Уәлиханов қарандашпен салған. Басында бұл картина «Қазақ портреті» деп жарияланып жүрген. Картинаның өзінде ештеңе жазылмаған екен, оның көлемі — 23,5×31,5 см. Архивте сақтаулы тұр. Кейін А.Померанцевтің жоғарыда салған суреті табылған соң, бұл картинадағы адам қазақ емес, қырғыз манабы екені белгілі болды.

Валерия Прищепова үш портрет туралы мынадай ой түйеді: «Осы үш портретке қарап отырып, суретшілер бір уақытта жұмыс істесе, онда, тым болмағанда ракурс басқаша болуы керек екенін түсінесің. Оқытушы мен шәкірті бір уақытта жұмыс істесе, сурет бұлай бір ракурстан және сонша бірдей етіп салынбас еді. Сондықтан Ш.Уәлиханов оқытушысының акварельмен салынған суреттерін қарандашпен салып көшірді немесе қайта салды деп болжауға болады. Нағыз суретшілердің суретін көшіру кескіндеме өнерін үйренудің міндетті бөлігі саналады. Ш.Уәлиханов салған суреттерді А.Померанцевтікімен салыстыра отырып, ол бұл міндетті талантты түрде атқарып шыққан деген қорытынды жасауға болады».

Материалдағы мәліметтер Валерия Прищепованың «Суретш А.Померанцевтің этнографиялық альбомы» еңбегінен алынды.

Тағы оқыңыз:

Сұрағы жоқ сұхбат. Шоқан Уәлиханов