Қасым-Жомарт Тоқаев: Әскери ұшқыштардың жалақысы 60%-ке өседі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін бүкілармиялық кеңестің отырысы басталды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Әскери білім және ғылым жүйесін дамыту – аса маңызды міндет. Әскери академиялар, институттар әлемдік стандарттарға сай болуға тиіс. Осы саладағы жоғары оқу орындарының материалдық базасын нығайту керек. Сонымен қатар оқу бағдарламасын заман талабына сай бейімдеу қажет, — деді президент бүкілармиялық кеңестің отырысында.

Оның айтуынша, әскери мамандар даярлау үшін басқа да жоғары оқу орындарының мүмкіндігін кеңінен пайдаланған жөн.

Биыл әскери ұшқыштардың жалақысы орташа алғанда 60%-ке өседі. Осы саладағы оқытушылар мен дәрігерлердің жалақысы да көбейеді. Келесі жылы әскери атақ үшін төленетін айлық ақы 30%-ке артады. Әскери қызметшілерді зейнетақымен қамту мәселесі де қайта қаралып жатыр. Сержанттарды, офицерлерді әлеуметтік қолдау жұмысы жалғасады. Олар тұрмысына алаңдамай, ел қорғауға сақадай сай болуы керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.