«Oral jastary» фестивалінде бас жүлдені М.Өтемісұлы атыдағы БҚУ жеңіп алды

Орал қаласында жоғары оқу орындары мен арнаулы орта оқу орындарының студенттері арасында «Oral jastary» фестивалі өз мәресіне жетті.

Фестивалдің гала-концерті «Атамекен» өнер орталығында өткізілді. 10 мыңнан астам студент қатысқан жобаның жүлде қоры 2 миллион 500 мың теңге құрады.

Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Фестивальдің өтуіне Орал қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімі, Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, «Жастар» Мәдениет сарайы, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы қолдау жасады.

Жалпы, фестивальге қатысушылар 11 аталым бойынша бақтарын сынап, тартысты сайысқа түсті. Солардың қатарында жастардың сүйікті ойынына айналған – «Жайдарман» болуы заңдылық. Аталмыш сайысқа шаһардағы ЖОО мен АОО-нан 11 команда қатысып, қызықты ойын өрнегін көрсетті. Әділқазылар құрамында «Назар аудар» театрының актерлары Самат Қабдиев, Марс Жайлауов және республикалық «Жайдарман» ойындарының редакторы Қасиет Кәрім болды.

Орал жастары фестивалінің кезекті байқауы – «Дәстүрлі ән» аталымында ұйымдастырылған дода өтті. Оған шаһардағы ЖОО мен АОО-нан 13 үміткер қатысып, ұлттық өнерімізді насихаттауға ат салысты. Өнерпаздардың өнерін «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ернар Өмірәлі, «Мәдениет саласының үздігі», дәстүрлі әнші, жыршы Фархат Оразов және Республикалық байқаулардың лауреаты, дәстүрлі әнші Бейбіт Қажығалиев бағалады.

Оның сыртында студенттердің ақыл-ой деңгейіне мықты сынақ болған – шахматтан сайыстың аса шиеленісті өткенін айтсақ жеткілікті.

Екі аптаға созылған фестивальдің қорытындысына тоқталсақ, жалпыкомандалық есепте 307 ұпаймен М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті I орынға ие болды. Ал 11 аталым бойынша 300 ұпай жинаған Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттері жүлделі II орынды қанжығаға салды. Жалпыкомандалық есепте 292 ұпай жинаған Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті үздік үштікті түйіндеді.

Орал шаһарындағы 14 пен 35 жас аралығында студент жастарды бір арнаға тоғыстырған жоба өңір жастарының жан-жақты дамып келе жатқанын көрсетті.