Ғылым және жоғары білім министрі БҚО-да көшпелі жиын өткізді

Батыс Қазақстан облысына ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек келді. «Атамекен» өнер ордасында министрдің қатысуымен Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары қауымдастығының жалпы көшпелі жиыны өтті.

Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Көшпелі жиында өңірлік даму бағдарламаларын іске асыруда жеке жоғары оқу орындарының одан әрі интеграциялануының жай-күйі мен болашағы талқыланды.

Жиынға Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, ҚР жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов, ҚР жеке жоғары оқу орындарының ғалымдар мен ректорлары қатысты.

Күні бүгін Қазақстанда 119 жоғары оқу орыны бар, соның 16-сы акционерлік, 47-сі жеке. Бұларда барлығы 626 200 студент білім алып жатыр. Халықаралық академиялық рейтингке қазақстандық 16 ЖОО енген. Ендігі мақсатымыз – отандық білім кеңістігін заманауи мазмұнмен толтыру. Ол үшін елімізде жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға аранлған тұжырымдамасы әзірленді. Ол 13 бағыттан тұрады. Тұжырымдаманы жүзеге асырған кезде 2029 жылға қарай ел халқының 75%-ін жоғары біліммен қамтып, 75% түлектерді жұмысқа орналастыру көзделген. Сонымен қатар беделді шетелдік жоғары оқу орындарының 12 филиалын ашу жоспарланған, — деді Саясат Нұрбек жиында жасаған баяндамасында.

Министрдің мәліметінше, биылғы жылы 88 093 мемлекеттік оқу гранты бөлінбек. Соның ішінде 73 061 грант бакалавриатқа, 13 114 грант магистратураға, 1918 грант докторантураға қаралған. «Серпін» бағдарламасы шеңберінде 3653 грант берілмек.

Күні бүгін республикадағы ЖОО-ының көп бөлігінің инфрақұрылым ескірген. Осыны ескере келе 2029 жылға қарай жаңадан 70 мың студентке шақталған жатақханалар салынатын болады.

Жергілікті жоғары білім саласы ардагері, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымыов жиында сөйлеген сөзінде Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың жоғары ғылыми әлеуетіне айрықша тоқталды.

Қазір университетте заман талаптарына толық жауап беретін материалдық-техникалық база да, оқытушылық-профессорлық құрам да жеткілікті, — деді Қозыбай Бозымов.

Министрдің жұмыс сапары аясында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Саясат Нұрбекпен бірге Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті алдына ағаш отырғызу шарасына қатысты.