БҚО әкімі Нариман Төреғалиев Теректі ауданына қарасты ауылдардағы нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
Өңір басшысы ең әуелі Подстепное ауылдық округі Барбастау ауылындағы су құбыры құрылысының жұмысын көруге барды. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Тоғызбаевтың айтуынша, су құбырын жүргізу жұмыстары 2022 жылы басталған. Мердігер – «Ар Ай-НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталмыш жобаның жалпы құны 336, 949 млн. теңгені құрайды.
Одан әрі Ақжайық ауылындағы құрылысы бітпеген 3 қабатты көппәтерлі тұрғын үйді қарады. Оның құрылысы 2021 жылдың май айында басталған. Ал келісімшарт бойынша 2022 жылдың желтоқсан айында толық салынып бітуі керек болған. Аталмыш нысанның құрылысы қазіргі уақытта тоқтап тұр. Бұл тұрғын үйдің құрылысына бөлінген 262 млн теңге белгіленген уақытта толық игерілмеген. Осыған байланысты Нариман Төреғалиұлы «Нұр Құрылыс-болашақ» мекемесінің басшысына құрылысты уақтылы бітіруді тапсырды.
Сондай-ақ, өңір басшысы Ақжайық ауылындағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауылдық мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуге облыстық басқармалардың басшылары, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының жетекшілері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жалпы Ақжайық округінің құрамына Абай, Ақжайық, Ыждағат, «Ақжайық» шипажайы, Талпын сияқты бес елді мекен кіреді. Осы елді мекендерде тұратын халық саны – 4166 адам. Округте 42 жеке кәсіпкер бар. Олар азық-түлік, қосалқы бөлшектер сату, құрылыс, шаштараз және басқа да кәсіп түрлерін қолға алып, халыққа қызмет көрсетіп жүр, — деп ауылдық округ әкімі Болат Александрұлы елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы баяндады.
Жиын барысында ауыл тұрғындары жолдардың сапасыздығы, Ақжайық-Шалқар каналының мәселесі, ауылға шағын спорт алаңының қажеттілігі, тағы да басқа мәселелер көтеріп, қойған сауалдарына нақты жауап алды. Облыс әкімі сапар соңында Абай ауылындағы «Абай» шаруа қожалығының жай-күйімен танысты. Қожалық бүгінде 60 бас сиыр сауып, сүт тапсырып отыр. Алдағы уақытта мал басын көбейту жоспарда. Сонымен қатар 200 бас сиырға арналған кешеннің құрылыс жұмыстары басталған. Бұдан бөлек олар жылыжайда қияр өсірумен де айналысады. Бір шаршы метрден 20 келі қияр алу жоспарланған.