15 сәуір – Қозы Көрпеш Баян сұлу күні жұптардың сыйластығы мен сезімі қайта жаңғыруы керек. Love is марафон ұйымдастырушылары осылай ойлайды. Олар махаббат күніне орай, елордадағы ерлі-зайыптылар мен ғашықтарға арнап жүгіру марафонын ұйымдастырды. Baribar.kz ауа райына байланысты мерекеден кейін болған махаббат марафонына қатысып, ғашықтардың бірге жүгіруі неліктен маңызды екенін біліп қайтты.

30 сәуірде Астананың ауа райы тура марафон жүгіретін ғашықтар күткендей жайлы, аздап салқын болды. Жел жұптарға кедергі болмаса керек, махаббат марафонына таңертеңнен жиналғандардың қарасы көп болды. Кейбірі балаларын ерте келген.

Қатысушылар жарысқа тіркеліп, нөмір алып жатты. Сонда егде жастағы жұпты көзіміз шалды. Марафон басталғанша танысып, әңгімелесіп үлгердік.

Астаналық Рахметәлі Дилимбетов 67 жаста, ал жұбайы Бибіажар Дилимбетова 65-те. Зейнеткерлер үйдің жанындағы Ботаника бағына бақ әлі ашылмай тұрған кезден бастап жиі шығып тұрады екен. Тіпті кейін бақта серуендеу үшін арнайы осы маңнан үй алған. Олар марафон болатынын әдеттегідей жексенбілік серуенге шыққанда білген. Бірден қатысуға бел буған.

Қарапайым серуенге болсын, бірге шыққан өте жақсы. Бір-бірімізге серік боламыз, көмектесеміз. Біріміз ерініп қалғанда, екіншіміз «шығайық» деп, шабыттандырамыз, — дейді Рахметәлі аға.

Рахметәлі Дилимбетов пен Бибіажар Дилимбетова. Фото: Jusan баспасөз қызметі

Зейнеткер жұп марафонға ел қатарлы қатысып, қаланың тұрғыны ретінде үлес қосуға келгенін айтты. Біз үлкендермен әңгімемізді аяқтағанда шара жүргізушілері қатысушыларды жинап, жүгіріс алдында жаттығу жасауға шақырды. Барлық жұп қаз-қатар тұрып, денесін қыздыра бастады.

Айтпақшы, махаббат марафонында жұптар 4 километр қашықты жүгіріп өтті. Осы жолғы марафонға қатысуға барлығы 150 жұп тіркелген.

Фото: Jusan баспасөз қызметі

Отбасылық марафон болғандықтан мұндағы мақсат мәре сызығына бірінші жету емес, бірге жүгіру, бірге спортпен айналысу. Жарыстың осындай мақсатын жақсы түсінген тағы бір қатысушы — Асылзада мен Шахбек. Өздері спорттан кенде емес. Асылзада IT-маман, оған қоса джиу-джитсумен айналысады. Ал Шахбек — жүзуден жаттықтырушы. Достар жұптар марафонына екі жыл бұрын да қатысыпты.

Бірге жүгіру командалық рух және жақсы көңіл-күй береді. Соңына дейін бірге келдік. Бірақ жел болған соң ауа жұту кішкене қиын болды. Басқа ештеңе кедергі болмады. Ең бастысы қатысқанымызға ризамыз, мұнда жеңу үшін келмедік», — деді Асылзада жүгіріп келген соң.

Спортты сүйетін достар марафоннан соң бірге дәмді тамақ ішуге кетті. Ал біз love марафонның жеңімпаздарымен әңгімелесуге асықтық. Love is марафон-2023-тің жеңімпаздары Виктория Сергеева мен Рақымжан Керманов болды. Олар осы жарыс үшін алдын ала дайындалып, Алматыдан арнайы ұшып келіпті. Дубайға жолдаманы ұтып алуды басынан мақсат еттік дейді. Олар жеңіл атлетикамен 10 жылға жуық айналысып келеді.

Бүгін жеңіске жеткенімізге, әуелгі мақсатымыз орындалғанына қуанып тұрмыз. Осындай мүмкіндік пен атмосфера үшін алғысымызды білдіреміз. Бұйырса, Дубайға өзіміз барамыз, — деді Рақымжан.

Виктория Сергеева мен Рақымжан Керманов. Фото: Jusan баспасөз қызметі

Олар спортпен тұрақты түрде айналысудың тек денсаулыққа емес, қарым-қатынасқа да пайдасы бар екеніне сенімді. Алматыдан ат терлетіп келіп, шетелге жолдама ұтып алған екеуі барша тұрғынды осындай тегін спорт шараларына қатысуға үндеді.

Спортпен айналысуға үлкен төзім тілейміз. Эмоциялық тұрғыда жанып кетпес үшін және шынығудағы қиындықтардан жеңіл өту үшін жалқаулыққа салынбауын тілейміз. Бәрі орнымен болады. Ең бастысы жүйелі түрде шынықса, болғаны. Марафонда барлық адамның жеңуге мүмкіндігі бар. Мысалы, білуімізше, екінші жұп ешқандай спортшылар емес, жай ғана қызығушылар, — деді Виктория.

4 километрді бірінші жүгіріп өткен жұп «Той қашан?» деген сұраққа «Бір жексенбі» деп күле жауап берді.

Фото: Jusan баспасөз қызметі

Мәре сызығына ертерек жеткендер арасында баласын көтеріп жүгірген жұп бар. Александр мен Полина 1 жас, 2 ай қызын көтеріп жүгіргендеріне дән риза. Өздері бірінші рет қатысып тұрса да, қызын үйде қалдырғысы келмепті. «Себебі отбасы деген үшеуіміз ғой» дейді олар.

Алғашында қызымызды әжесіне тастап кетеміз деп ойлағанбыз. Кейін үшеуіміз қатысамыз деп шештік. Жолдасымды баламен қиналып қалмады ма деп алаңдап жүрдім, бірақ ол менен тез жүгірді. Қызымыз басында жан-жағына қарап, қызықтап отырған. Кейін жүгіргенде тербеткен соң ұйықтап қалды, — дейді Полина.

Александр мен Полина. Фото: Jusan баспасөз қызметі

Олар марафонға еш дайындықсыз қатысқан, сонда да баламен тез жүгіріп келіп отыр.

Менің қасымда әйелімдей адам болғанда маған ештеңе қиын болған жоқ, — деп қана қайырды Александр.

Иә, онымен келіспеске амалымыз жоқ. Өйткені жүгіру жарысының бар мақсаты осы емес пе еді: жақсы көретін жанның қасында болу, оны қолдау, бұралаң жолдардан қол ұстасып, бірге өту. Мұны марафон ұйымдастырушыларының бірі Дмитрий Колодкин де айтып отыр.

Қалалық әкімдіктің қолдауымен компаниямыз тұрғындарға арналған осындай шараны ұйымдастырып отыр. Басты міндет – әркім өз серігімен жұп болып жүгіруі. Шараның негізгі мақсаты — спорттан бұрын көбірек қарым-қатынасты нығайту. Сол үшін де жүгіріп өту керек шақырым көп емес. 15 cәуір ғашықтар күнін насихаттау үшін марафонды осы мерекеге орай ұйымдастырдық. Бірақ Астананың ауа райы қолайсыз болғандықтан, мерзімінен кешірек өткізуге тура келді, — деді ұйымдастырушы Дмитрий Колодкин.

Дмитрий Колодкин. Фото: Jusan баспасөз қызметі

Расында тез жету емес, бастысы бірге жету екенін қатысушылар жақсы түсінді. Ерлі-зайыптылар мен қыз-жігіттер бір-бірін қолдап, жігіттер қыздарды көтере жүгіріп қатысқан марафон ғашық, қамқор жүректерді ерекше шабыттандырғандай. Ал мұндай ерекше шараның ұйымдастырылуына Jusan демеу болып отыр.

Jusan-ның осындай спортты насихаттайтын әрі сезімді жаңғыртуға көмектесетін отбасылық шараға серіктес болып жатқанына қуаныштымын. Марафонның ұлттық ғашықтар күніне орай ұйымдастырылып жатқанын да ерекше атап өткім келеді. Біздің банктың ұраны – «Әрбіріңізге сенеміз, саған сенеміз!» Сондықтан біз әр қызметкеріміз бен әр клиентімізге қамқор болғымыз келеді. Адамдарға тек қаржылай мәселесін шешуге ғана емес, олардың жайлы өмірі үшін ыңғайлы атмосфера мен қамқорлықты жасағымыз келеді, — деп атап өтті Jusan Bank-тің Астанадағы филиал директорының орынбасары Нұрсұлтан Сматов.

Сонымен қатар ол Jusan Bank 107 жұптың қосылуына сеп болғанын айтты.

Біздіңше, бұл жай ғана сан емес. Бұл — Jusan-да басталған махаббат хикаялары. Марафонда тез жүгіріп, мәреге жету міндет емес, бірақ бір-біріңізді қолдап, бірге келу міндет,- деді Нұрсұлтан Сматов.

Нұрсұлтан Сматов. Фото: Jusan баспасөз қызметі

Спорт сүйер қауым шара соңында әншілерге қосыла ән айтып, билеп, бір-біріне ықылас білдірді. Ұйымдастырушылар да алғашқы үш орынға бағалы сыйлықтар табыстап, басқа қатысушылар арасында ойын ұйымдастырды. Кездейсок таңдалған жұптар ресторан, демалыс орны, SPA, фотосессияға жолдама ұтып алды.

Love is марафон елордада алғаш рет ұйымдастырылып тұрған жоқ. Ұйымдастырушылар мұндай жарысты келесі жылы Астанада ғана емес, еліміздің басқа ірі қалаларында да ұйымдастыруды жоспарлап отыр.