Басты бетЖаңалықтарҚазақстанның басым...

Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды

Қазақстанның басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды. 2 мамырда бірнеше облыста қатты жел тұрып, шаңды дауыл көтеріледі.

Бұл туралы «Қазгидромет» РМК  синоптиктері хабарлады.

2-3 мамырда Жамбыл облысының солтүстігінде шаңды дауыл көтеріледі деген болжам бар. Таулы аудандарында найзағай болады. Ал желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін күшейеді. Таразда таңертең және күндіз екпіні 25 м/с жел болады.

2 мамырда Түркістан облысында да шаңды дауыл болуы мүмкін. Таулы және тау бөктерлі аудандарында күші 15-20, күндіз екпіні 25 м/с жел соғады.  Шымкент пен Түркістанда желдің екпіні секундына 23 метрге дейін барады.

Жетісу облысының оңтүстігінде және шығысында жел соғады, күші 17-22 м/с. Түнде таулы аудандарында 2 градус аяз болады.

Алматы облысының таулы аудандарда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Күндіз облыстың оңтүстігінде, таулы аудандарында найзағай, бұршақ жауады. Солтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні — 15-20 м/с, күндіз кей уақытта 23-28 м/с дейін күшейеді. Түнде облыстың таулы аудандарында 1-6 градус үсік болады.

Қарағанды облысында күндіз екпіні 18 м/с жел, ал облыс орталығында түнде 1-3 градус үсік болады.

Маңғыстау облысының басым бөлігінде найзағай ойнайды. Күндіз облыстың батысында және оңтүстігінде қатты жаңбыр жауады деген болжам бар. Ақтау қаласында найзағай, күндіз кей уақыттарда қатты жаңбыр болуы мүмкін.

Шығыс Қазақстан облысының басым бөлігінде күндіз жауын-шашын (жаңбыр, қар), солтүстігінде және шығысында тұман түседі. Желдің жылдамдығы — 15-20 м/с.

Абай облысында жауын-шашын (жаңбыр, қар), тұман күтіледі. Семейде солтүстік-батыстан жел соғады, күндіз екпіні 15-18 м/с.

Батыс Қазақстан облысының батысында, солтүстік-батысында найзағай, жел екпіні 15-20 м/с болады.

Жетісу облысында желдің екпіні 30 м/с және одан да қатты болады деген болжам бар.

Ұлытау облысында жылдамдығы 15-20 м/с жел тұрады. Ал Атырау облысының батысында найзағай, шығысында шаңды дауыл күтіледі.

Қызылорда облысының орталығында және шығысында шаңды дауыл көтеріледі. Желдің жылдамдығы — 15-20 м/с. Қызылорданың өзінде шаңды дауыл болады.

Қостанай облысының солтүстігінде тұман түседі. Түнде облыстың солтүстік- шығысында 2 градус үсік болады.