Басты бетЖаңалықтарМаңғыстау облысындағы...

Маңғыстау облысындағы кен орнында жұмысшы қаза болды

Маңғыстау облысындағы Жетібай кен орнында газбен дәнекерлеуші қаза болды. Тағы бір жұмысшы ауруханаға түсті. Бұл туралы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға 29 сәуір сағат 16:42 шамасында «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының №5613/28 ұңғымасында «Великая Стена» БК ЖШС (Бұрғылау бригадасы ХДЕС — №56) аумағында болған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Монтаждау жұмыстары кезінде газбен дәнекерлеуші, Қазақстан азаматы оқиға орнында қайтыс болды. Бұрғылау қондырғысының шебері, Қытай азаматы басынан жарақат алып, ауылдық ауруханаға жеткізілді. Оқиға орнына жедел Маңғыстау ауданының полиция қызметкерлері келді. Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында құқық қорғау органдарының қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу жүргізеді, — делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта Маңғыстау облысының еңбек басқармасы басшылық ететін комиссия құрылып жатыр.