Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы екі есе өсті

Ереванда Қазақстан вице-премьері–сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин және Армения вице-премьері Мгер Григорянның төрағалығымен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Армения үкіметаралық комиссиясының тоғызыншы отырысы өтті.

Бұл туралы сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы 41,6 миллион доллар болды, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 99,8%-ке жоғары (20,8 миллион доллар).

Бұл ретте экспорт 10,3 миллион доллардан 26,9 миллион долларға дейін, яғни 40,2%-ке өсті.

Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы 2023 жылғы қаңтар-ақпанда 81,8%-ке өсіп, 4,6 миллион доллар болды. Қазақстаннан Арменияға экспорт 2,7 есеге ұлғайып, 2 миллион долларға жетті. Армениядан Қазақстанға импорт 46,2%-ке артып, 2,6 миллион доллар болды, — делінген хабарламада.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар екі елдің аумағындағы кәсіпорындар мен іскер топтардың қызметіне жәрдемдесу, бірлескен кәсіпорындар құру, екі ел аумағында шаруашылық жүргізуші субъектілердің өкілдіктері мен филиалдарын ашу, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, экспортты ілгерілету және инвестициялар тарту туралы уағдаласты.

Сонымен қатар екі мемлекет арасында 2023-2025 жылдарға арналған мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.